Елімізде бала туу көрсеткіші 3 пайызға өсті

0
449

Денсаулық сақтау министрі қатерлі аурулардан болатын өлім көрсеткіші 3 пайызға төмендегенін жеткізді.


Елімізде бала туу көрсеткіші 3 пайызға өсті

ERNUR.KZ. 2020 жылдың қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 3 пайызға төмендеді. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жалпы, мемлекет пен медицина қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында республикадағы медициналық-демографиялық ахуал былайша сипатталады. Өмір сүру ұзақтығының өсуі байқалды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 3%-ға төмендеді. Бала туу көрсеткіші 3%-ға өскені байқалды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, қатерлі аурулардан болатын өлім көрсеткіші 3 пайызға төмендеді. Бірлескен ведомствоаралық жұмыстың арқасында жарақаттардан, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім көрсеткіші 15 пайызға азайды. Туберкулез сияқты қауіпті аурудан болатын өлім 21 пайызға төмендеді.

«Бұл құрғақ сандардың артында адам өмірі, медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі, сондай-ақ ішкі істер қызметтерінің, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың қызметі тұрғанын атап өткен жөн. Тіпті өлімнің кем дегенде 1%-ға төмендеуі де үлкен жетістік болып саналады, өйткені ел ауқымында бұл пайыздың артында мыңдаған адамның өмірі жатыр», - деді А. Цой.