Елімізде балаларға көмек көрсетуге бағытталған жаңа мемлекеттік қызмет пайда болады

0
475

Оқу-ағарту министрлігі отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар дайындады.


Елімізде балаларға көмек көрсетуге бағытталған жаңа мемлекеттік қызмет пайда болады

ERNUR.KZ. Қағидалар "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету" мемлекеттік қызметімен толықтырылмақ, деп жазады inbusiness.kz.

Қаржылық және материалдық көмек:

1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;

2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға;

3) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға;

4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;

5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне көрсетіледі.

Құжатқа сәйкес, қамқоршылық кеңес білім беру ұйымының алқалы басқару органы болады.

Бұдан бөлек жаңа мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі де көрсетілген.

"Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету" мемлекеттік көрсетілетін қызметін алу үшін жеке тұлға білім беру ұйымдары арқылы тиісті нысан бойынша өтініш береді. Көрсетілетін қызметті беруші құжаттарды алған сәттен бастап 1 жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған және қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттар ұсынылған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартады", - делінген құжатқа қоса берілген салыстырмалы кестеде.

Құжаттарды қараудың жалпы мерзімі және анықтаманы алу не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту 10 жұмыс күнін құрайды.

Қызметті алушы мемлекеттік қызмет нәтижесімен келіспеген жағдайда сотқа жүгіне алады.

Құжатты жария талқылау 8 қарашаға дейін жалғасады.