Елімізде басшылық қызметте жүрген 4 мыңнан астам шетелдік азамат бар

0
424

Қазақстанда 16 мыңға жуық шетелдік азамат жұмыс істеп жүр.


Елімізде басшылық қызметте жүрген 4 мыңнан астам шетелдік азамат бар

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстан аумағында 15 832 шетелдік азамат жұмыс істейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 658 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 430 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 302 адам және 1 058 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 728 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 656 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1770 жұмыс беруші бар. Оларда 455 мыңға жуық Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96%-ын құрайды.

Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер келесі: Қытай – 3459 адам, Өзбекстан – 1 693 адам, Түркия – 1 621 адам, Үндістан – 1 145 адам, Ұлыбритания – 1 038 адам.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2020 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,32%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.