Елімізде денсаулыққа кері әсер еткен 18 дәрі-дәрмек саудадан алынып тасталды

0
2 849

Дәрі-дәрмек әсіресе, құрт ауруы, иммун тапшылығы вирусы және обыр дертімен ауыратындарға қарсы реакция берген.


Елімізде денсаулыққа кері әсер еткен 18 дәрі-дәрмек саудадан алынып тасталды

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері дәрі-дәрмектің сапасына қатысты 2 мыңнан астам шағым түскен. Оның 77-інде препараттар денсаулыққа кері әсер еткен, деп жазады almaty.

Мұндай мәліметті Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова айтты. Дәрі-дәрмек әсіресе, құрт ауруы, иммун тапшылығы вирусы және обыр дертімен ауыратындарға қарсы реакция берген.

«Дәрілердің денсаулыққа кесірін анықтау жұмысы 2005 жылдан бері жасалып келеді. Биыл бізге 2 282 жағдай бойынша хабарлама келіп түссе, оның 77-інде әсерлері тым қатты болған. Біз 18 препаратты саудадан алып тастадық. Осы 18 оқиға бойынша Ұлттық сараптау орталығы анықтау жұмыстарын жүргізді. Дәрінің қауіптілігі анықталмағандарында тіркеу куәліктері қайта іске жарамды болды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила БҰЙРАБЕКОВА.

Ал Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Шымкентте нәрестенің сүт қоспасынан сынап шықты деген жағдайға қатысты пікір білдірді. Шетелдік өнімді Денсаулық сақтау министрлігі тексеруге дайын. Алайда, сәбидің әкесі тамақтандырған сүт қоспасын белгісіз себептермен зерттеуге бермеген. Дегенмен, ведомство аталмыш фирмаға тиесілі өзге қоспаларды да тәркілеп, құрамынан сынап таппапты.

Естеріңізге салсақ, Шымкентте екі жасар балаға дәрігерлер ана сүтін қабылдауға рұқсат бермей, қоспаны азық етуді ұсынған. Ал сәбидің ата-анасы тамақ құрамында сынап болғандықтан, оның денсаулығы күрт нашарлады дегенді айтып еді.

«Бұл істен хабардармыз. Ана мен баланың биосынамасын сынапқа тексеріп жатырмыз. Әкесі сүт қоспасын зерттеуге беруден бас тартты. Бірақ бізге нақты нәрестенің не себепті іші өтіп, өзін жайсыз сезінгенін нақтылап жатырмыз. Әкесімен де сөйлесеміз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН.