Елімізде қауіпті инфекциялардың таралу көрсеткіші төмендеді – Алексей Цой

0
480

Жыл басынан бері Сібір жарасының 17 жағдайы тіркелді.


Елімізде қауіпті инфекциялардың таралу көрсеткіші төмендеді – Алексей Цой

ERNUR.KZ. 2021 жылғы 8 айда елімізде оба, тырысқақ, іш сүзегі, паратиф, туляремия, дифтерия, қызамық, полиомиелит, сіреспе аурулары тіркелген жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мәжілістің Үкімет сағатында мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сондай-ақ, биыл қызылшамен сырқаттанушылықтың бар болғаны екі жағдайы тіркелді.

Ел аумағында аса қауіпті инфекция саналатын оба, туляремия, сібір жарасының, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызбаның табиғи ошақтары бар. Обаның табиғи ошақтары республика аумағының 39%-ын алып жатыр.

«Соңғы 3 жылда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен сырқаттанушық көрсеткіші бір деңгейде сақталып отыр. Жыл басынан бері аурудың 18 расталған жағдайы тіркелді. Сонымен қатар, биыл 6 облыстың тұрғындары арасында сібір жарасының 17 жағдайы тіркелді», - деді Цой.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы аталған аурулардың алдын алу үшін жүргізілетін вакцинация шарасы нәтижелі көрсеткіштерге ие екенін атап өтті.

«2021 жылдың 8 айында республика бойынша менингококк инфекциясының 12 жағдайы тіркелді, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,7 есеге төмен. Сол сияқты көкжөтелмен, эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылықтың төмендегені байқалады», - деді Алексей Цой.