Елімізде марал мүйізімен емдеу орталығы ашылады

0
2 278

Демалушыларды көлдің тұзды суы, шипалы батпағы қызықтырады.


Елімізде марал мүйізімен емдеу орталығы ашылады

ERNUR.KZ.Павлодар қаласынан 60 шақырымдық жерде орналасқан Маралды көлінің маңында марал мүйізімен емдеу орталығы ашылады. Қазіргі уақытта дайындық қызу, деп жазады Baq.кz.

Әдетте, демалушыларды көлдің тұзды суы, шипалы батпағы қызықтырады. Бұл көлде түрлі минералдарға толы емді батпақтың төрт түрі бар екен. Туристік инфрақұрылымдық дамыту бағытында бірқатар жоба қолға алынған. Мәселен, 150 млн. теңге құйылып, алып аквапарк салынады. Сонымен қатар, көл жағалауы мен көлік тұрағы сыйымдылығы 1000 жеңіл көлікке жететіндей кеңейтілмек.

Болашақта Маралдының туристік әлеуетін арттыруда марал мүйізімен емдеу орталығы маңызды орынға ие болмақ.

Жалпы, тұзды көлді дамыту бойынша жұмыстар соңғы бірнеше жылда қарқын алды. Тыңғылықты жобалардың арқасында былтырғы демалыс маусымында 50 мыңнан астам турист келсе, биылғы жылы олардың қатары 70 мыңнан асады деген болжам бар. Айта кетейік, алдағы уақытта Маралды көлі тек демалыс ошағы ғана емес, емдеу-сауықтыру орталығына айналмақ.

Марал мүйізімен емдейтін шипажайды ашуға қазіргі уақытта 54 марал әкелініп, өсіріліп жатыр.

«50-ден астам бас маралымыз бар. Алғашқы төлімізді де алдық. Жануарларды күнбе-күн жем-шөп, сумен қамтып отырамыз. Күтіп-баптауда үй жануарларынан еш айырмашылығы жоқ. Қолға үйреніп қалды», - дейді марал өсіруші Боранбай Марданов.

Бүгінде бұл көлге күніне мыңдаған турист келеді екен. Демалыс маусымы басталғалы бері Маралдыға 5 мыңнан астам азамат ат басын тіреген.

«Маралды» демалыс орнының өкілі Жанар Жақанованың айтуынша, болашақта сауықтыру бағытында тиісі жұмыстар атқарылмақ. Мәселен, балаларға арналған алаң, үлкен сана салынып жатыр.

«Туритер Маралдыны Ресейдің Яровое курортымен салыстыруға әуес. Біз көрші елдің демалыс орнына ұқсауды мақсат етпейміз. Біздің мақсат көлдің маңын ұлттық стильдегі демалыс орталығына айналдыру. Бір сөзбен айтқанда, сұранысқа ие демалыс ошағын қалыптастыру», - дейді ол.

Шарбақты ауданында ішкі тіризмді дамыту бойынша тың жобалар қолға алынған. Аймақтағы түзды көлдер, қарағайлы ормандар мен ақсиетті жерлерге туристерді тарту көзделген.

«Біздің өңір – Шалдай орманы, тұзды көлдер мен қасиетті жерлерге бай жер. Демалушыларды тарту мақсатында 250 шақырымдық туристік бағыт ашылмақ. Тынығушылар Маралды көлінен Ғабдул Хазірет кесенесіне зиярат етіп, ну орманымызды көру мүмкіндігіне ие болмақ», - дейді Шарбақты аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мамандары.