Елімізде тұрақтар мен қоймаларды дербес мүлік ретінде санау ұсынылды

0
1 631

Оған қатысты төлем мөлшері уәкілетті органдар бекіткен әдістемеге сәйкес есептелетін болады.


Елімізде тұрақтар мен қоймаларды дербес мүлік ретінде санау ұсынылды

ERNUR.KZ. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулер негізінде тұрақтар мен қоймалардың мәртебесін бекіту ұсынылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарушы директоры Марғұлан Әбдікәрімов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Заңмен жеке меншіктегі, бірақ кондоминиум объектісінің ортақ басқаруындағы тұрақтар мен қоймалардың мәртебесін бекіту ұсынылады. Бұл ретте тұрақ пен қоймалардың меншік иелері өз мүлкін ұстауға қатысты шығыстарға қатысуға міндетті. Оған қатысты төлем мөлшері уәкілетті органдар бекіткен әдістемеге сәйкес есептелетін болады. Осыған байланысты, заңға «қойма» деген жаңа ұғымды енгізу көзделген», - деді Марғұлан Әбдікәрімов.

Сонымен қатар, заңда үй кеңесінің өкілеттігін күшейту көзделеді. Үй кеңесі - алқалы орган саналады. Оның шешімдері тиісті хаттамамен бекітіледі және мүлік иелері бірлестігінің төрағасы оларды орындауға міндеттеледі.

«Заң жобасы көппәтерлі тұрғын үйді басқару және күтіп ұстау мәселелерін жедел шешу үшін үй кеңесіне белгілі бір өкілеттіктерді беруді ұсынады. Егер жиналыста үй кеңесіне қандай да бір шешім қабылдау керек болса, онда ол тек осы өкілеттіктер берілгеннен кейін ғана мүмкін болады», - деп атап өтті Марғұлан Әбдікәрімов.