Елімізде ұялы телефондар нарығы 11%-ға өскен

0
2 369

Қазақстандықтар Samsung, Huawei, Xiaomi, OPPO компаниялары шығарған өнімдерді жиі пайдаланатын болған.


Елімізде ұялы телефондар нарығы 11%-ға өскен

ERNUR.KZ. 2020 жылы Қазақстандағы ұялы телефондар нарығы 11%-ға өсіп, 4,7 млн бірлікке жетті, деп жазады inbusiness.kz.

Worldwide Quarterly Mobile Phone Tracker зерттеуіндегі мәліметке сәйкес, ұзаққа созылған екі локдаунға қарамастан отандық ұялы телефондар нарығы өткен жылы 11%-ға өсіп, 4,7 млн бірлікке жеткен.

«Смартфондарды жеткізу 4,3 млн бірлік болған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 6,7%-ға артық. Қазақстан смартфондарға бағдарланған нарық болып саналады. Мұнда батырмалы телефондардың үлесі жалпы сату көлемінің 9,1%-на тең», - деп жазылды зерттеуде.

Компания мәліметінше, смартфондарды жеткізу 2020 жылдың бірінші тоқсанында (наурыз-мамыр) локдаунға байланысты төмендеген. Ал екінші тоқсанда ұялы телефондарды жеткізу әлсіз жүргізілген. Себебі, бөлшек сауда онлайн режимінде өткен.

«Сауда орталықтары мен дүкендер жұмысын қайта жандандырған кезде (жаздың соңында) сатылым бұрынғы қалпына келді. 2020 жылдың үшінші тоқсанында сатылым 2019 жылмен салыстырғанда 20,8%-ға өсті», - деп жазды IDC зерттеуінде.

Өткен жылы нарықта Huawei смартфондарының үлесі азайған.

«2020 жылдың төртінші тоқсанына қарай ол 2019 жылдың басындағы смартфондар нарығының төрттен бір бөлігінен 2,8%- ға дейін төмендеген. Бұл – Шығыс Еуропадағы ең төмен көрсеткіштің бірі», - деп жазды IDC зерттеуінде.

Нарықтағы Huawei-дің үлесін Samsung компаниясы алған. Елімізде сатылатын смартфондардың тең жартысы осы компанияның өнімі болып саналады. Сонымен қатар Xiaomi де бір жылда нарықтағы үлесін 2 есе арттырған. OPPO компаниясының да нарықтағы үлесі артып келеді.

«Нарықтағы Apple-дің үлесі салыстырмалы түрде аз. 2020 жылдың қарашасында компания iPhone 12 смартфонын шектеулі көлемде шығарды. Ұялы телефонда 5G желісін пайдалануға болады. 5G пилоттық желілері осы жылдың соңында Нұр-Сұлтан мен Алматыда іске қосылуы тиіс. Ал 2025 жылы жылдам интернет желісі елімізде толық қосылады деп жоспарланып отыр», - деп жазылды зерттеуде.

IDC компаниясы 2021 жылы ұялы телефон нарығын тұрақты дамиды деп болжауда. Айта кетейік, International Data Corporation (IDC) – халықаралық зерттеу және консалтинг компаниясы. Ол 1964 жылы құрылған. Компания әлемдегі ақпараттық технология мен телекоммуникация нарығын зерттейді. Оның штаб-пәтері Фреймингем қаласында (АҚШ, Массачусетс штаты) орналасқан.