​Елімізде ветеринарлардың жалақысын көтерудің бірнеше жолы қарастырылып отыр

0
847

Отандық ветеринария саласын реформалау 2022-2026 жылдарға жоспарланып отыр.


​Елімізде ветеринарлардың жалақысын көтерудің бірнеше жолы қарастырылып отыр

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария саласы жүйесін реформалауды 2022-2026 жылдарға жоспарланып отыр, деп жазады inform.kz

«Кадр даярлауда біздің министрлік жоғары оқу орындарында ветеринария мамандығы бойынша білім берудің бірыңғай бағдарламасын енгізуді ұсынып отыр. Ветеринария мамандығы үшін ауылдық квотаны 70%-ға дейін арттыру да маңызды. Сонымен қатар оқуды бітіргеннен кейін 3 жылдың ішінде тек сол оқу орнының берген бағыты бойынша ғана емес, түлектерге «Серпін» жобасы арқылы да еңбек күші тапшы өңірлерде жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Тағы бір жаңалығымыз - дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының жерүсті жануарларының денсаулығы кодексінің ұсыныстарына сәйкес, ветеринариялық статуарлық орган (тәуелсіз лицензия беретін орган) құру жоспарланып отыр», - деді Алтынбек Үркінбаев.

Сондай-ақ, министрлік өкілі ветеринария саласы мамандарының жалақысына қатысты сөз қозғады. Айтуынша, ветеринарлардың табысын көтеру - ведомствоның маңызды міндеттерінің бірі болып отыр.

«Аталған мәселені шешудің бірнеше жолын қарастырып жатырмыз. Атап айтқанда, ветеринариялық қызметтер тарифін қайта қарау. Ақылы қызмет түрлерінің көлемін ұлғайту және ветеринар дәрігерлердің жүктеме нормативін бекіту. Дегенмен, бұл ұсыныстардың депутаттармен, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, сол сияқты білім және ғылым ұйымдарының, бизнестің, қоғамдық бірлестіктері өкілдерімен талқыланатынын атап өту қажет», - дейді ол.

Айта кетейік, отандық ветеринария саласын реформалау 2022-2026 жылдарға жоспарланып отыр. Және ол агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудың аясында жүзеге аспақ.