Еліміздегі медбикелер магистратура мен докторантурада білім алады

0
2 224

Білікті бакалавр медбикелерді дайындау үшін Финляндия елінің мамандары шақыртылған


Еліміздегі медбикелер магистратура мен докторантурада білім алады

ERNUR.KZ. Келер жылдан бастап медбикелер магистратура мен PhD докторантурасында оқитын болады, деп жазады 24.kz.

Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы осындай бастаманы қолға алып отыр. Қазір медбикелердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылып жатыр. Биылдың өзінде 300 маман пилоттық жоба аясында жаңа бағдарлама бойынша білім алды. Қазір елімізде 120 мың медбике жұмыс істеп жатыр. Оларды 80-ге жуық медициналық колледж дайындайды. Биыл пилоттық жоба аясында 300 медбике бакалавр бағдарламасы бойынша оқып шықты. Олар 3 жарым жыл бойы білімін шыңдады. Енді бұл мамандар дәрігердің бірқатар міндетін атқаратын болады. Яғни, науқас емханаға келген кезде медбикелер алдын ала қабылдау жүргізеді. Жаңа талаптарға сәйкес, олардың жалақысы да көтеріледі.

"Білікті бакалавр медбикелерді дайындау үшін біз Финляндия елінің мамандарын шақырдық. Дуалды білім беру жүйесін енгіздік. Енді болашақ медбикелер теорияны зерттеумен ғана айналыспайды. Олар көп уақытын ауруханада өткізіп, тәжірибе жинайды. Биыл 15 колледж аккредиттеуден өтіп, бакалаврды дайындау құқығын иеленді. Болашақта мұндай мекемелердің саны артады", дейді ДСДРО білім және ғылымды дамыту орталығының басшысы Виталий Койков.

Биыл білімін шыңдап, жұмысқа кірісіп кеткен мебдикелердің қатарында Әйкен Ізбасар да бар. Қазір ол елордалық 5-ші емханада қызмет етіп жатыр. Маманның айтуынша, бакалавриат бағдарламасы оған көптеген жаңа мүмкіндіктер берді.

"Мен науқастарды қабылдаймын. Оларға рецепт жазып бере аламын. Тамақтану туралы айтып беремін", дейді Әйкен Ізбасар.

Емхана дәрігерлері де медбикенің біліктілігіне жоғары баға беріп отыр.

Гүлбайра Қасымова, № 5 қалалық емхананың дәрігері: - 50 пайызын Әйкеге жүктедік. Әйкен келгелі жұмысымыз жеңілдеді. Ол кемінде 10-15 минут уақытымызды үнемдейді. Науқас келгенде дайын болады.

Енді алдағы жылы елімізде бакалаврмен қатар, магистрлер мен PhD докторлары дайындалатын болады. Себебі салада білім беру сапасының деңгейін көтеру қажет. Мәселен, қазір медициналық колледждерде сабақ беретіндердің 30 пайызы ғана медбикелер. Қалған жүктеме дәрігерлердің мойнында. Бірақ халықаралық тәжірибеге сүйенсек, сабақты толықтай медбикелердің өздері жүргізуі қажет. Өкінішке орай, әзірге отандық мамандардың біліктілігі оған жеткіліксіз. Жаңа бағдарламалар арқасында бұл мәселе толықтай өз шешімін табуы тиіс.