Еліміздің үш қаласында қоқыс сұрыптайтын зауыт іске қосылады

0
440

Аталмыш сұрыптау желілері үш қаланың әкімдіктерінің балансына берілген.


Еліміздің үш қаласында қоқыс сұрыптайтын зауыт іске қосылады

ERNUR.KZ. «ӨКМ Операторы» күзге дейін Өскемен, Семей, Ақтөбе қалаларында қоқыс сұрыптайтын зауыт ашуды жоспарлап отыр деп жазады ҚазАқпарат.

«ӨКМ Операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев Жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі 5-ші еуразиялық бизнес-форумында осындай мәлімет айтты.

«Былтыр біз Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге Шығыс Қазақстанның екі қаласының, Ақтөбе облысының бір қаласының материалдық-техникалық жабдықтау жобасын пилоттық режимде қолға алған болатынбыз. Өскемен қаласына 6 қоқыс жинайтын көлік пен 1,5 мың қоқыс контейнері, Семей қаласына 6 көлік пен 1274 контейнер, Ақтөбе қаласына 6 көлік пен 1800 контейнер сатып алып бердік. Оның үстіне 7 млн еуроға қоқыс сұрыптайтын 3 зауыт сатып алдық. Оған қажет ақша «ӨКМ операторы» утиль алымынан жинаған қаражат есебінен алынды», - деді серіктестік басшысы.

Оның айтуынша, аталмыш сұрыптау желілері үш қаланың әкімдіктерінің балансына берілген. Бірақ, қолданысқа беру мерзімі кешігетін түрі бар.

«Өкінішке қарай, бізде қалдықты орталықтандырылған тәсілмен жинаудың инфрақұрылымы дұрыс қалыптаспаған. Біз сұрыптау желісін жеткізіп бергенімен, ол орнатылатын ғимараттың жобалу-сметалық құжаттары әлі бітпеген. Жоспар бойынша қоқыс сұрыптайтын зауыттар Өскеменде 29 тамызда, Семейде 30 тамызда, Ақтөбеде 1 қазанда іске қосылуы керек», - деді Медет Құрманғалиев.