Елордада Дина Нұрпейісова мен Қаныш Сәтбаевтың ескерткіштері ашылды

0
1 085

Салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.


Елордада Дина Нұрпейісова мен Қаныш Сәтбаевтың ескерткіштері ашылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Елорда күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында халық композиторы, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.



Мемлекеттік хатшы қазақ халқының өмірінде домбыраның алар орны жайында айтып, ел ішінде "Күй анасы" атанып кеткен Дина Нұрпейісованың ғибратты ғұмыры мен өнер жолына тоқталды. Сонымен қатар ұлттық өнердің бүгінгі күнге жетуінде Дина Нұрпейісованың аса зор еңбегі бар екенін, оның орындауындағы талай күй нотаға түсіп, хатталып кейінгі ұрпақтың асыл мұрасына айналғанын атап өтті.

– Біз бүгін қазақ үшін қадірлі, Алаш үшін аяулы Дина Нұрпейісованың ескерткішін салтанатты түрде ашып отырмыз. Жобаны іске асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, қолдау көрсеткен Атырау облысының жұртшылығына, мүсінші Бауырхан Жалынға ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – ұлттық өнерге, асыл мұраға, бабалар үніне, аталар дәстүріне қойылған ескерткіш. Өткенге салауат, болашаққа аманат айта отырып, қазақтың қара домбырасынан кие қашпасын, қара шаңырағынан береке кетпесін деп тілейміз, – деді Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.



Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Қаныш Сәтбаевтың Алаш ардақтыларымен мұраттас болғанын айтты. Ұлтқа қызмет етуде аға буынды үлгі еткенін, ел ісінде барлық салаға белсене араласқанын, Қазақстан ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қосқанын атап өтті.

– "Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес" деген екен Қаныш Сәтбаев. Осы ойға салсақ, халқы Қанышын қал-қадірінше ардақтап, есімін ұлықтап келеді. Ғұлама ғалымның атына бұған дейін қала, көше атауларының берілуі – соның айғағы. Кешегі Қазақ тау-кен-металлургия институтының бүгінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті аталуы да зор мәртебе. Бұл – ұлтының ұлы перзентіне көрсеткен құрметінің бір парасы ғана, – деді Қырымбек Көшербаев.

Жобаны Павлодар облысының әкімдігі мен ғалымның жерлестері – Баянауыл жұртшылығы және мүсінші Асқар Нартов жүзеге асырды.

Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев және басқа да қоғам өкілдері қатысты.