Елордада ІІ Елизавета патшайымның атындағы сквер ашылды

0
1 062

ІІ Елизавета патшайым Қазақстанда болып үлгермеді.


Елордада ІІ Елизавета патшайымның атындағы сквер ашылды

ERNUR.KZ. Астанада Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның құрметіне сквер ашылды. Салтанатты шараға Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли қатысты, деп жазады ҚазАқпарат.

«ІІ Елизавета патшайымның құрметіне скверді салтанатты ашу шарасына қош келдіңіздер! Патшайым Ұлыбритания тарихында ең ұзақ, 70 жыл бойы басқарған, аса мәртебелі көрнекті көшбасшы, дана билеуші және британ халқының бірлігі мен табандылығының символы ретінде есте қалды. Оның абыройы, қадір-қасиеті және керемет жетістіктері әлемдегі миллиондаған адамдарды шабыттандырады. Қазақстанда ІІ Елизавета лайықты сүйіспеншілік пен құрметке ие», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко сквердің ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, елорда гүлзарларының біріне мәртебелі патшайымның есімін беру туралы шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өзі қабылдады. Аталған сый ІІ Елизаветаның мерейтойына орай ұйымдастырылды.

«Өкінішке қарай, ІІ Елизавета патшайым Қазақстанда болып үлгермеді. Осы орайда, III Чарльз король және король отбасының басқа да мүшелері біздің елге келеді деп үміттенеміз. Ұлыбританиямен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатында басым орын алатынын атап өткім келеді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдан астам уақыты ішінде саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық сала бойынша стратегиялық әріптестік жоғары деңгейге жетті», - деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, Р. Василенко Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверлидің елімізге сапары қазақ-британ қарым-қатынасының одан әрі жан-жақты дамуына қуатты серпін беретініне сенім артты.

Еске салсақ, Ұлыбритания патшайымы II Елизавета Балморал сарайында 96 жасында қайтыс болды.

Мемлекет басшысы ІІ Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Патшайымы ІІ Елизаветаны мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты.

Былтыр елорданың мәслихаты отырысында қаладағы скверлердің біріне ІІ Елизавета патшайымның есімін беру ұсынылған еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Қазақстанда ресми сапармен жүр.