Елордада құрылыс компаниясы бір пәтерді 4 адамға сатқан

0
985

Қала әкімі «Алтын Бұлақ» тұрғын үй кешенінің пәтер иелерімен кездесті.


Елордада құрылыс компаниясы бір пәтерді 4 адамға сатқан

ERNUR.KZ. Қала әкімі Алтай Көлгінов үлестік құрылыс нысандарын аралады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Бірінші барған жері «Медина» тұрғын үй кешені болды. Үй құрылысы 2014 жылы басталған. Үлескерлердің жалпы саны - 500 адам, алайда олар екі тұрғын үй құрылыс кооперативтеріне (ТҚК) бөлініп кеткен.

Үй әлі пайдалануға берілмегеніне қарамастан, тұрғындар өз пәтерлеріне көшіп алған.

«Бізде құжаттар жоқ, бірақ біз осында тұрамыз. Басқа барар жеріміз жоқ. Көбінде несие, ипотека бар. Құрылыстың аяқталуын бесінші жыл күтудеміз. Біздің автотұрақтарымызды заңсыз сатып алған. Меншік иелерінің құқық белгілеуші құжаттары жоқ. Үйде электр энергиясымен проблемалар жиі болып тұрады, автотұрақта жарық мүлдем жоқ», - деді «Медина» тұрғын үй кешенінің үлескерлері.

Қала әкімі ел басшылығы үлескерлердің үйлерін аяқтауды тапсырғанын атап өтті. Бұл бағытта әкімдік тарапынан жұмыстар жалғасуда.

«Сіздерге, үлескерлер, бір тұрғын үй құрылысы кооперативіне бірігу керек. Бір үйдің тұрғындары бола тұра өзара келіспей жүрсіздер. Сіздерге ортақ бір пікірге келу керек. Міне сол кезде, бізге сіздерге көмектесу әлдеқайда оңай болады. Үйдің шатырын жөндеуді, лифтілерді орнатуды аяқтап, өрт қауіпсіздігі мәселелерін шешіп, құжаттарды заңға сәйкес келтіру қажет. Біздің міндетіміз - үйді пайдалануға беруге көмектесу. Ұсыныстарды ескереміз», - деді Алтай Көлгінов.

Келесі барған жер «Зере-1» тұрғын үй кешені болды. Объект 2016 жылы проблемалы болып танылған. Үлескерлердің саны - 191 адам. Ал үйдегі пәтерлер саны – 176.

«Бізде бір пәтерді екі, үш рет сату фактілері бар. Тіпті бір пәтерге 4 адам үміткер болып тұрған пәтерлер де бар. Олардың барлығы бір пәтерге ақы төлеген. Үй инвестор үшін тартымды болу үшін Хан Шатырдың артынан жер бөлінген», - дейді «Зере-1» ТК үлескерлері.

Үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы бар, инженерлік желілерді «Мемсараптама» РМК тексеріп жатыр.

«Мұнар-2» ТК үшінші барған нысан болды. Мұнда 87 үлескер бар. Жобалық-сметалық құжаттама электронды түрде бар, инженерлік желілер үшін жобалық-сметалық құжаттама жоқ.

Сонымен, үйді техникалық тексеріп, қаржылық тексеруден өткізіп, тұрғын үй кешенінің аумағына арналған гараждарды сатып алу қажет.

«Бұрынғы құрылыс салушы 76 гараж сатып алған. Олардың бәрі бұзылуы тиіс. Оның орнында біздің үйдің блоктары болуы керек. Жалпы алғанда, 300-ден астам гаражды бұзу керек. Біз өз пәтерлерімізді 5 жылдан астам уақыт күтіп жүрміз. Үйдің 5 блогы 600 пәтер болады деп жоспарлануда. Бұл жер құрылыс салушы үшін тартымды», - деді «Мұнар-2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары.

А.Көлгінов барлық проблемалық нысандарда жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, қалада аяқталмаған 51 нысан бар.