Елордада педагогикалық жоғары оқу орны ашылуы мүмкін

0
724

Президент бас қалада үш ауысымды оқыту жүйесі сақталып отырғанын айтты


Елордада педагогикалық жоғары оқу орны ашылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасына қатысты пікір білдірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Сапалы білім беру қызметінің қолжетімді болуы аса маңызды. Астанада баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру әлі де өзекті мәселе болып отыр. Көптеген мектепте оқушылар саны жоспарлы межеден артық. Шын мәнінде, үш ауысымды оқыту жүйесі сақталып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Қалада жаңа білім беру мекемелерінің құрылысына басымдық беру қажет. Сондай-ақ 15 қосымша білім беру нысанын салу керек», - деді ол.

Мемлекет басшысы Астанада білікті ұстаздардың тапшылығы ерекше сезіліп отырғанына тоқталды.

«Жыл сайын бір мыңға жуық мұғалім жетіспей жатады. Сондықтан, елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл – дер кезінде көтерілген бастама. Сол арқылы салынып жатқан мектептерге қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік туады. Үкімет педагогикалық оқу орнын ашуды және көпбейінді аурухана салуды мұқият пысықтауы қажет. Қаражат мәселесін шешу керек. Әділетті қоғамды құру үшін, ең алдымен, өскелең ұрпақтың жан-жақты, толыққанды дамуын қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан мектептердегі білім беру ісі балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, инклюзивті әрі барлық бала үшін қолжетімді болуға тиіс», - деді Қ. Тоқаев.