Елордада Тіл туралы заңды бұзған жарнамалар алынып тасталды

0
1 251

Тіл тазалығын сақтауға бағытталған жоба елорданың барлық аудандарында жүзеге асырылып жатыр.


Елордада Тіл туралы заңды бұзған жарнамалар алынып тасталды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда мемлекеттік тіл тазалығын сақтау бойынша бірқатар шаралар атқарылуда. Солардың бірі - «Тіл тазалығы – баршаға ортақ» жобасы, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кеше Байқоңыр ауданы бойынша жұмыс атқаратын топ Таха Хусейн көшесінде орналасқан нысандарды қарап шықты. Бірінші рет заңға сай емес жарнама, көрнекі ақпарат иелеріне ескерту жасалды.

«Аталған көшеде жақында ғана түсіндіру жұмыстары кезінде нысан иелеріне заңға сәйкес келмейтін жарнамалар туралы айтылған болатын. Алайда олардың кейбіреулері бұл ақпаратты алмаған. Қалалық әкімдіктің тілдерді дамыту және мұрағат ісі жөніндегі жұмыс тобы нысан иелеріне заңсыз жарнама үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіп, оны алып тастауды талап етті», - деп хабарлады басқарма.

Сыртқы сәулет және қала құрылысы басқармасының рұқсатынсыз заңсыз орнатылған жарнамалар жиі кездеседі, олардың ішінде тілдік грамматикалық қателіктер жиі кездеседі. Жұмыс тобы оларға әкімшілік айыппұл салмайды, тек оны алып тастауды ұсынады. Нысан иелерінің арасында жұмыс тобына кедергі жасап, олардың бизнес құқықтары бұзылып жатыр деп мәлімдейтіндер де кездеседі.

Тіл тазалығын сақтауға бағытталған жоба елорданың барлық аудандарында жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс мұқият қадағаланып, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланып, қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың жіті бақылауында.

Айта кету керек, «Тіл тазалығы – баршаға ортақ» жобасы астаналықтар тарапынан белсенді қолдау табуда. Акцияға қосылғысы келетін еріктілерден көптеген ұсыныстар түсіп жатады.