Елордада World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі басталды

0
935

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан олимпиаданың халықаралық деңгейіне Орталық Азия, Еуропа, Үндістан, Пәкістан және басқа да елдерден жалпы саны 215 білімпаз қатысып жатыр.


Елордада World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі басталды

ERNUR.KZ. Жастар театрында Spectrum Халықаралық мектебінің ұйымдастыруымен World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі басталды. 20-ға жуық елден келген оқушылар алдағы 4 күн бойы түрлі академиялық сайыстарда бақ сынайды, деп жазады Елорда Инфо.

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан олимпиаданың халықаралық деңгейіне Орталық Азия, Еуропа, Үндістан, Пәкістан және басқа да елдерден жалпы саны 215 білімпаз қатысып жатыр.

Аталған шараның ұйымдастырушылары мұндай басқосу оқушылардың бір-бірімен жақын танысып, әлемнің әр қиырынан өзіне достар табуына үлкен мүмкіндік береді дейді.

«Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейін өткізу үшін жиналып отырмыз. Қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен келгендіктен оқушыларға өз дәстүрлерін көрсетуге мол мүмкіндік қарастырылған. Білімпаздардың бір-бірінен үйренері де көп деген ойдамын. Оман және Кения секілді алыстан келген қатысушыларымыз бар. Орталық Азия мен Еуропа, Үндістан мен Пәкістаннан да көптеген оқушылар келді», – деді олимпиаданың ұйымдастырушысы Жозеф Уиллард Хар.

Оқушылар бұл күні елорданың әсем жерлерінде серуендеді. Көрікті Нұр-Сұлтан қаласын аралаған оқушылардың алған әсері ұшан-теңіз.

«Есімім Юнгжун Мун. Оңтүстік Кореяда дүниеге келдім. Қазір Астанадағы QSI Халықаралық мектебінде оқимын. Бүгінгі World Scholar’s Cup Global Round өте қызықты өтіп жатыр. Әртүрлі елдерден келген достарымызбен баға жетпес тәжірибе алмасып, қызықты дәстүрлермен танысудамыз. Ең ұнағаны топ болып жұмыс жасау. Дәл қазір флэшмоб ұйымдастырып жатырмыз», – деді 13 жасар қатысушы.

«World Scholars Cup-қа алғаш рет қатысып отырған оқушылардың бірі Кениядан келген қатысушы Амани Нжугуна.

«Пәндерге дайындалуға ұзақ уақыт кетті. Бағдарламалар күрделі болса да қызық. Өзіме ұнап жатыр. Қазақстан өте қонақжай ел екен. Ауа райы да тамылжып тұр», – деді ол.