Елордалық тұрғын Қытайдан тауар алдырамын деп 31 миллион теңгесінен айырылды

0
430

Дәл осындай 50-ге жуық адам алданған, полиция жәбірленушілер бұдан да көп болуы мүмкін дейді.


Елордалық тұрғын Қытайдан тауар алдырамын деп 31 миллион теңгесінен айырылды

ERNUR.KZ. Екібастұз қаласының 20 жастағы тұрғыны астаналық кәсіпкерлерді жүздеген миллион теңгеге алдады, деп жазады sputnik.kz.

Ол астаналықтарға Қытайдан тауарларды арзан бағамен әкеп беремін деп алдаған. Күдікті WhatsApp мессенджерінде көтерме бағамен түрлі тауарларды жарнамалайтын көптеген топтар құрған. Ол смартфондардан бастап ыдыс-аяққа дейін жеткізіп беруге уәде берген. Тапсырыс бергендердің алдын-ала төлеген қомақты ақшасын алып, байланысқа шықпай қойған.
"Сарыарқа ауданының полиция басқармасына елорда тұрғыны келіп, Қытайдан тауарға тапсырыс бергенін айтты. Күдікті алдын-ала төлем талап еткен. Жәбірленуші әйел алаяққа бірден 31 миллион теңге аудардған. Тауары келмеген ол бір айдан кейін полицияға жүгінді. Қазіргі уақытта полицияға алданған осындай үш кәсіпкер арыз берді", - дейді ведомстводағылар.
Дәл осындай 50-ге жуық адам алданған, полиция жәбірленушілер бұдан да көп болуы мүмкін дейді. 20 жастағы Екібастұз тұрғыны өз кінәсін мойындап, ақшаны өз қажетіне жұмсап тастағанын айтқан. Қазіргі күні ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
"Осы адамның құқыққа қайшы әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды Астана полиция департаменті Сарыарқа ауданының полиция басқармасына немесе 8 (7172) 71-66-76; 71-66-46, +7 700 543 0101, немесе "102 нөміріне хабарласуларын сұраймыз", - деп хабарлайды полиция.