Емханаға тіркелу құқығы: Дәрігерлерге артық жүктеме артылуы мүмкін

0
648

15 қыркүйектен бастап еліміздің әр тұрғыны өзі қалаған емханаға тіркеле алады.


Емханаға тіркелу құқығы: Дәрігерлерге артық жүктеме артылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Ел тұрғындары өздері қалаған емханаға тіркеле алатыны бұған дейін хабарланған болатын. Алайда Нұр-Сұлтан қалалық №8 емхананың директоры Айгүл Қасымова бұл ретте емханалар үшін қандай мәселе туындап отырғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«15 қыркүйектен бастап еліміздің әр тұрғыны өзі қалаған емханаға тіркеле алады. Бірақ әрбір емхана өзінің бекітілген аймағы бойынша жұмыс істейді. Емханадағы әр дәрігерлердің міндеті бар. Біріншіден педиатр немесе терапевт болсын, өз ауданындағы тұрғындарды емханада қабылдап қана қоймай, кей емделушінің үйіне барып та дәрігерлік қызметін көрсетуі керек. Екіншіден, әр емхананың өз сыйымдылығы болады. Біздің емхананың, мәселен, 60 мың халықты тіркеуге мүмкіншілігі бар. Сол себепті халық басқа аймақтан келіп тіркелем деген жағдайда да оларды қабылдайтын мүмкіншілігіміз жоқ», - деді Айгүл Қасымова тілшілердің сұрағына берген жауабында.


Сол себепті Айгүл Қасымова елордалықтарды өз үйіне жақын емханаға тіркелуге шақырды.


«Кейбіреулер өзіне ұнамайтын дәрігерге қаралғысы келмесе, біздің емханадағы басқа дәрігерлерге де жазыла алады. Ондай құқық бар», - деді ол.


Айгүл Қасымова қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қалалық №8 емханаға қарайтын 41 учаске барын, онда 38 дәрігер жұмыс істейтін айтады.


«Олардан екі есе көп мейірбикелер бар. Солардың бәрі біздің емханаға тіркелген 66 700 адамға қызмет көрсетеді. Сонда есептеп қарасаңыз, 1 дәрігерге 1700 адамнан келеді. Сапалы қызмет көрсетіп, жоспарлы жұмысын атқаруы үшін дәрігер өз жүктемесінен артық жұмыс атқармауы тиіс. Яғни адам саны 1700-ден асып кетсе, біз тіркей алмаймыз», - деді ол.


Еске сала кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов бұған дейін 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында ел тұрғындары өздері қалаған емханаға тіркеле алатынын жариялаған болатын.