Емшіге көрінген соң көз жұмған әйелдің қызы жанайқайын айтты

0
3 197

Қатерлі дертке ұшыраған әйел халық емшісіне көрінген соң қайтыс болды.


Емшіге көрінген соң көз жұмған әйелдің қызы жанайқайын айтты

ERNUR.KZ. Қызылордада қатерлі дертке ұшыраған әйел халық емшісіне көрінген соң қайтыс болды. Ауруы асқынған Жарқын Баймағанбетова онкологиялық ауруханада көз жұмған, деп жазады NUR.KZ.

Редакцияға хабарласып, жанайқайын жеткізген Шехназ Баймағанбетова анасының мезгілсіз қайтыс болуына тікелей халық емшісін кінәлап отыр.

"Анам былтыр қыста ауыра бастады. Алматыдағы дәрігерлер анама жатырдың қатерлі ісігі деген диагноз қойды. Химиялық терапия алған соң, ол танымал шымкенттік емші Ұнсынай апаны іздей бастады. Емшінің онкологиялық аурудан айықтыратыны туралы анама да хабар жеткен болатын. Сәуір айында Ұнсынай ханымның сеансын қабылдап, 198 мың теңге төледі. Сол кезде емші анама: "Ауруыңнан толықтай айықтырам, ол үшін үш рет емдеу курсымнан өтесің", - деп сендірген.

Бір аптадан соң анам тағы барып, жиырма күнге 250 мың төледі. Ал үшінші курсқа барған кезде бір аптаға 100 мың теңгеге қаралды. Алайда артынша шешемнің денсаулығы сыр бере бастаған көрінеді. Сол кезде емші қорыққаннан оны өзі жетектеп апарып, пойызға салып жіберіпті. Содан беті бері қарамаған анам ауруханада жатып, 22 қыркүйек күні қайтыс болды", - дейді марқұмның қызы Шехназ.

Жарқын Баймағанбетова өмірден озардың алдында арнайы жазба қалдырып, онда ауруының асқынуына халық емшісін кінәлап, айыптаған.

"Қыздар, мен де Ұнсынайдың құрбанымын. Қазір мен ауруханада жатырмын. Мүгедек болып қалдым, екі бүйрегім істемейді. Негізі жатырымды емдетуге барып едім, оны мүлдем құртты. Одан ауру екі бүйрегіме шығып, екеуі де істемейді. Ем қабылдап жатырмын. Орындыққа отырсам, қайта тұра алмаймын. Қыздар, менің айтқанымды жеткізіңдер",- деген ол.

Марқұмның туыстары атышулы емшіге хабарласқанымен еш нәтиже болмаған.

"Анамыз ауыр хәлде жатқанда хабарлассақ, "шешелерің өзі келіп, мені емде деп отырып алды. Мен оған емдей алмаймын десем де кетпей қойды", дейді. Анамыздан алған қыруар ақшаның бір тиынын да қайтармады. Біз бұлай қалдырмаймыз, үстінен шағым түсіріп, соттасамыз", - дейді Жарқын Баймағанбетованың балалары.

Алайда атышулы емші марқұмды "мен өлтірмедім, керісінше өмірін ұзартып бердім" деп ақталуда.

"Маған емге келгенде онкологияның төртінші сатысы, жатыры іріңдеп кеткен, қас, шаш, кірпігіне дейін түсіп қалған, жүре алмай қалған. Мен шөп дәрімен емдеп, 2-3 айға өмірін ұзартып бердім. Ол әйелді маған туысы әкеліп тастап кетті. "Ауруы асқынған, емдемеймін десем де сізге сенеміз апа, мені де емдеп жазғансыз" деп бой бермеді. Ақшаны ол бекер берген жоқ, дәрі қабылдады, соған төледі. Тіпті жаным ашып кетерінде жолына билет алып, пойызға салып жібердім",- дейді Ұнсынай апа.

Атышулы емшінің қорғаушысының сөзінше, Ұнсынай апаның емханасын облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен фармацевтік бақылау ұйымдарынан келіп толықтай тексерген. Алайда олар ешқандай заң бұзушылық таппаған.

"Емші Ұнсынай адамдарды химиялық заттармен емес, табиғи шөптермен емдейді. Оның дәрілері Алтай тауларына жиналып, жасалған. Одан адам өлуі мүмкін емес. Менің өзім осы кісіден емделіп жазылғанмын. Сотқа берсе, соттасамыз. Емшіден зардап шектім дегендердің барлығы сараптамадан өтіп, дәлелдесін", - дейді Мыңбаева.

Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облысы Сайрам ауданындағы емші Ұнсынай апаның үстінен бала көтере алмаған қырыққа жуық келіншек "алаяқ" деп полицияға арыз түсірген болатын.

Емделушілердің сөзінше, халық емшісі қыруар қаржы алғанымен, ешқайсына ем қонбаған, керісінше денсаулықтарына зиян келіпті.