Еңбек министрі 1,6 миллион қазақстандықтың табысы өсетінін айтты

0
395

​2022 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеріледі.


Еңбек министрі 1,6 миллион қазақстандықтың табысы өсетінін айтты

ERNUR.KZ. Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін өседі. Нәтижесінде 1,6 миллион қазақстандықтың табысы артады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Президенттің тапсырмасымен 2022 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Министрдің айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына тиісті норма енгізіледі.

"Аталған шара экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1 миллион 650 мың жұмыскердің табысының артуына әкеледі. Сондай-ақ, разрядаралық біліктілік жүйесін ескеріп, басқа да қызметкерлердің кірісін арттыруға мүмкіндік береді", - деді Шәпкенов үкімет отырысында.

Сонымен қатар төрт жыл ішінде азаматтық қызметшілердің жекелеген санатының жалақысы екі есеге өседі. Олар мұрағатшылар, кітапханашылар, музейтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және тағы басқалары, барлығы 588 мың адам.

"Нәтижесінде 2022 жылдан бастап олардың жалақысы жыл сайын орташа есеппен 20%-ке артып, 2025 жылға қарай екі есеге ұлғаяды. Ең төменгі жалақы 49 мыңнан 60 мың теңгеге дейін немесе 22-ке өседі", – деді ведомство басшысы.