Ералы Тоғжанов отандық фильмдердің сапасын сынға алды

0
2 422

​Тоғжановтың айтуынша, "Қазақфильм" киностудиясы 2010 жылдан бері сатып алған 48 сценарийді жүзеге асырмаған.


Ералы Тоғжанов отандық фильмдердің сапасын сынға алды

ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандық фильмдердің көрермен көңілінен шықпайтынын атап, мәдениет және спорт министрлігіне нақты тапсырмалар берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Отандық кинематографияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру керектігіне тоқталған Тоғжанов бюджет қаржысына шығарылған фильмдердің барлығы сапасы жағынан көрермен көңілінен шығып жатыр деп айтуға ертерек деп санайтынын жеткізді.

"Бұл жерде мәселе жоқ емес, оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ағын ақ, қарасын қара деп айтуымыз керек. 2010-2020 жылдары мемлекет есебінен 50 миллиард теңгеге 178 фильм шығарылған. "Алмас қылыш", "Жаужүрек мың бала", "Құнанбай", "Әміре", "Анаға жол", "Томирис" сияқты оншақты туындыдан басқасы сондай деңгейге, көпшіліктің қолдауына ие болды деп айта алмаймын", – деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары "Қазақфильм" киностудиясының 2010 жылдан бері сатып алынған 48 сценарийді жүзеге асырмағанын айтып өтті. Сонымен қатар, Ақан Сатаевқа "Қазақфильм" киностудиясын табысты кәсіпорынға айналдыруды тапсырды.


"Коммерциялық киноөндіріске басымдық беру маңызды. Толықметражды отандық анимациялық фильмдерді шығаруды қолға алатын уақыт жетті. Бұл бағыттар киностудияның жаңа бизнес моделінде ескерілуі тиіс", – деді Тоғжанов.


Сонымен қатар министрлікке халықаралық тәжірибе негізінде отандық кинокластер құру мәселесін пысықтауды тапсырды.