Ердоған Ыстамбұлдағы сайлау қорытындысын жоюды талап етті

0
1 324

Сайлау қорытындысы бойынша 31 наурызда Түркиядағы ең ірі қала Ыстамбұлдың жаңа мэрі болып Экрем Имамоглу атанған еді.


Ердоған Ыстамбұлдағы сайлау қорытындысын жоюды талап етті

ERNUR.KZ. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның айтуынша, Ыстамбұлдағы сайлауда ереже бұзылған, сондықтан оның нәтижесі өз күшін жоюы керек. Бұл туралы ол мемлекеттік Sabah газетінде мәлімдеді, деп жазады тengrinews.kz.

Сайлау қорытындысы бойынша 31 наурызда Түркиядағы ең ірі қала Ыстамбұлдың жаңа мэрі болып Экрем Имамоглу атанған еді. Ол - заманауи Түркияның негізін қалаушы Мұстафа Кемал - Ататүріктің идеясын жалғастырушы саналатын оппозициялық Республикалық халықтық партиясының өкілі.

Reuters мәліметіне сүйенсек, Түркия ішкі істер министрі Сулейман Сойлудың пікірінше, Ыстамбұлда тағы бір сайлау өткізсе, барлық күмән жойылады. Басқарушы Әділет және даму партиясы жаңа сайлау өткізуді талап етіп отыр. Бұған дейін электоралдық комиссия партияның 31 аудандағы дауыстарды қайта есептеу туралы талабын қабылдамаған болатын. Тек 21 аудандағы 51 сайлау жәшігін қайта тексеруге келіскен. Ердоғанның айтуынша, сайлауға "ұйымдастырылған қылмыс" араласқан. Оның партиясы сайлау жәшіктеріне жауапты шенеуніктер заңсыз тағайындалған деген пікірде.

Республикалық халықтық партияның өкілі Фаик Озтрак өз кезегінде Ердоғанның партиясын заңсыз әрекет жасады деп айыптап отыр.

"Сіздер үзіліссіз шағымданып жатсыздар, бұл екі нәрсені білдіреді. Не сайлаудан өте алмайтын біліксізсіздер, немесе жеңілісті мойындай алмайтын бейбақсыздар", - деді ол.

Әділет және даму партиясының талабы қабылданса, Ыстамбұлда 2019 жылдың 2 маусымында қайта сайлау өтеді. Айта кетейік, 31 наурызда Ердоғанның партиясы ел астанасы Анкараны да басқару мүмкіндігінен айырылған болатын, қаланың мэрі Республикалық халықтық партияның өкілі Мансур Яваш атанған еді. Кейін Измир, Анталия, Адана қалалары да түркиялық оппозицияның бақылауына өтті деген ақпараттар шықты.

Ыстамбұлдағы сайлау кезінде Ердоған ұсынған кандидат, бұрынғы премьер-министр Бинали Йылдырым дауыстарды санау жұмысы бітпей жатып өзінің жеңіске жеткенін айтқан еді. 1 сәуірде дауыстың 99,95 пайызы саналғаннан кейін Ыстамбулдағы сайлауда Имамоглу 25 мың дауыспен жеңіске жеткені хабарланған болатын.