Ерлан Тұрғымбаев бойжеткенді зорлаушылардан құтқарған ұландық жауынгерді марапаттады

0
2 434

Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы да Артемның ерлігін елеп, оны грамотамен марапаттады.


Ерлан Тұрғымбаев бойжеткенді зорлаушылардан құтқарған ұландық жауынгерді марапаттады

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бойжеткенді зорлаушылардан құтқарған Ұлттық ұлан жауынгері қатардағы Артем Калашниковты «Қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ведомство басшысы атынан марапатты әскери қызметшіге Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмриев табыс етті. Өз сөзінде ол сын сағатта қайсарлық танытқан Артемға алғысын білдіріп, жауынгердің жедел әрі батыл әрекеттерінің арқасында жас қыздың ары, тіпті, өмірі құтқарылғанын алға тартты.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы да Артемның ерлігін елеп, оны грамотамен марапаттады.
Естеріңізге сала кетсек, оқиға ақпанның 13-і күні сағат 00.40 шамаларында Шымкент қаласында орын алған болатын. Үйіне келе жатқан Артем қатты айқайлап көмекке шақырған әйел адамның дауысын естіп, ойланбастан сол жаққа қарай ұмтылады. Еңгезердей екі ер адамның жас қызға күш көрсетіп, зорлауға әрекет жасап жатқанын байқаған жауынгер бірден олармен арпалыса кетеді. Бұзақылардың біреуін шетке лақтырып тастап, екіншісімен төбелесе жөнеледі. Жекпе-жек ұрыс тәсілдерін қолдана отырып, біреуін жерге құлатып, үстінен басып отырады, ал екіншісі сол мезетте оқиға орнынан қашып үлгереді.
Ұсталған азаматты оқиға орнынан полиция қызметкерлері алып кетіп, Шымкент қаласының Еңбекші аудандық полиция басқармасына жеткізді. Күдіктілерлі ұстау кезінде ұландық қолын жарақаттап алады. Кейін белгілі болғандай, Артем қолын сындырып алған екен. Бірақ соған қарамастан, жауынгер полиция қызметкерлері келгенше бұзақыны жібермеген.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екінші күдікті ақпанның 21-і күні жедел-іздестіру шаралары кезінде ұсталып, өз кінәсін мойындап үлгерді