"Еуропа плюс Қазақстан" жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

0
1 291

Украинада әскери әрекет бастаған елдің басшысын Панова "Вова ағай" деп атаған болатын. Ол қазақстандықтарды асыра ұлтшыл деп айыптап, "көп сөйлемеуді" сұраған.


ERNUR.KZ. Қазақстанда "Еуропа плюс Қазақстан" радиосының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісінің айтқан сөздерінен кейін полиция қылмыстық іс қозғады, деп жазады Stan.kz.

Бұл туралы Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстам Әбдірахманов Facebook желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

“Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 174 бабында көзделген қылмыс белгілерімен, яғни ұлтаралық алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қылмыстық іс бойынша алдын-ала тергеуді өткізу Алматы қаласы полиция Департаментінің Тергеу басқармасына жүктелді”, – делінген хабарламада.

Бүгін, яғни 28 наурызында іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Еске сала кетсек, "Еуропа плюс Қазақстан" радиосының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісінің айтқан сөздерінен кейін кикілжің орын алды. Любовь Панова Facebook желісіндегі пікірге жауап беріп отырып, Ресей президенті Владимир Путинді елге тәртіп орнату үшін шақыратынын айтқан.

Украинада әскери әрекет бастаған елдің басшысын Панова "Вова ағай" деп атаған болатын. Ол қазақстандықтарды асыра ұлтшыл деп айыптап, "көп сөйлемеуді" сұраған. Ал радио жүргізушісінің сөзі мыңдаған қазақстандықтардың наразылығын туғызып, мұндай өрескелдікке жол берген қызметкерді жұмыстан шығаруды талап етті. "Еуропа плюс Қазақстан" басшылығы Панованың ұстанымы "радиостанция саясатына еш қатысы жоқ" екенін айтқан.

Сондай-ақ олар жүргізушінің көпшілік алдында айтқан сөздерін компанияның тәртіптік комитеті қарайтынына уәде берді.

Алайда радиостанцияның мұндай реакциясына көпшілік қанағаттанбады. Пікірлерде олар Любовь Панованы жұмыстан босату, ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін жауапқа тарту, тіпті Қазақстан азаматтығынан айыру және елден қуу туралы талаптарын айтуды тоқтатпады.

Осыдан кейін радиостанция оны 28 наурыздан бастап жұмыстан босатқанын хабарлады.