Еуропадағы халықаралық ән байқауында қазақстандық оқушы I орынды ұтып алды

0
705

Байқауға 9 елден үміткерлер қатысқан.


Еуропадағы халықаралық ән байқауында қазақстандық оқушы I орынды ұтып алды

ERNUR.KZ. Астана қаласы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Айғаным Амантай эстрадалық вокал жанры бойынша Болгарияның Добрич қаласында өткен «Сарандев-2023» ХХХІІ еуропалық поп-рок конкурсында еліміздің мерейін өсіріп 1 орынды жеңіп алды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұл байқауға Болгария, Польша, Украина, Греция, Молдова, Қазақстан, Румыния және Болгария елінің 18 аймағынан келген өнерпаздар арасынан Амантай Айғаным топ жарды. Әділқазы құрамында халықаралық дәрежедегі «Славян базары» байқауының төрешілері төрелік етті.

Халықаралық ән байқауларының жеңімпазы Айғаным 4 жасынан бастап үлкен сахналарда өнерін паш етіп, тынымсыз еңбек етіп, талай өнер додаларында оза шауып келеді.

Ресейде өткен «Детская новая волна – 2022» халықаралық ән байқауында лауреат атанды. Ресейдегі «Артек-Арена» сахнасында төрт жарым мың көрермен алдында ел мерейін өсіріп, ерекше қайталанбас әсем даусымен көрерменді тәнті етті.

«Мен Болгария елінде үлкен сахнада ана тілімде ән шырқаған сәтте кеудемді қуаныш кернеді, маған ерекше әсер берді. Әр байқауға қатысқан сайын менде жаңа достар пайда болып, кеңістігім мен тынысым кеңейеді. Мен бақытты ұланмын. Шетелдегі достарыммен жиі хабарласып тұрамыз, тәжірибе алмасамыз. Қазіргі таңда өнерімді қарқынды дамытып келемін. Бірнеше авторлық ән жаздырып, екі бейнебаян түсіріп үлгердім. Келешекте Димаш ағамдай қазақ халқының әуелеген әсем дауысын әлемге паш еткім келеді, осы жолда аянбай еңбек етемін», - дейді жас өнерпаз Айғаным.

Айғаным Астана қаласы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп–лицейінің 7 сынып оқушысы, оқу озаты. Ол «JUNIOR EUROVISION 2021» ән байқауының финалисті, «Славянский базар в Витепске - 2022» Халықаралық өнер фестивалінің іріктеу турының финалисі, Халықаралық «Euro Stars» ән байқауының 1 орын иегері, «Alash star» халықаралық өнер байқауында Бас жүлде иегері, «Көңілдің асыл пернесі» Халықаралық шығармашылық байқауында «Бабамнан қалған кең дала» номинациясында І орын, «Аялаған Астана», "Тәуелсіздік - тұғырым" ән байқауларының бас жүлде иегері.