Франция соты экс-банкир Әблязовке қатысты қылмыстық істі тоқтатты

0
647

БТА банкінің заңгерлері кассациялық шағым түсірді, сол себепті Париж апелляциялық сотының шешімі әлі өзгеруі мүмкін.


Франция соты экс-банкир Әблязовке қатысты қылмыстық істі тоқтатты

ERNUR.KZ. Париждің апелляциялық соты қазақстандық БТА банкі директорлар кеңесінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовке қатысты қылмыстық істі ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатты, деп жазады sputnik.kz.

Айта кетері, қашқын банкир қазір Францияда тұрады, Қазақстанда ақша жымқырғаны үшін сырттай сотталған.

2020 жылдың қазан айында Париж соты 57 жастағы Әблязовке "мән-жайды ауырлататын жағдайда сенімді теріс пайдаланып, ақша жылыстатты" деген айып тақты. Франция билігі оны бостандықта, "сот бақылауында" қалдыруды шешті. Бұл ешқайда шықпау туралы қолхатпен бірдей, бірақ жарты миллион еуро кепіл төлеуге міндеттеді. Кейінірек БАҚ егер Әблязов ел билігінің пайдасына кепіл енгізбесе, қамауға алынуы мүмкін екені хабарлады. Бейсенбі күні Әблязов ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық қудалаудың тоқтауына қол жеткізді.

Десе де, Франс Пресс атап өткендей, БТА банкінің заңгерлері кассациялық шағым түсірді, сол себепті Париждің апелляциялық сотының шешімі түпкілікті емес.

Еске салсақ, 2017 жылдың маусымында Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әблязовті қылмыстық ұйым құрып, БТА банкінің қаржысын жымқырғаны үшін кінәлі деп тапты. Экс-банкир мүлкі тәркіленіп, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Әблязов ұзақ жылдар бойы шетелде тұратындықтан, сотқа қатысқан жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның мәліметінше, бұрынғы банкир келтірген шығынның жалпы сомы 7,5 миллиард доллардан асады.

2018 жылдың наурызында елорданың Есіл аудандық соты Әблязов басқарған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, ел аумағында оның қызметіне тыйым салды. Бас прокуратураның нұсқасы бойынша, Әблязовтің мақсаты – билікті басып алу.

2018 жылы қазақстандық сот БТА банкінің бұрынғы басшысын 2004 жылы бизнес серіктесі Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сырттай өмір бойына бас бостандығынан айырды.