Ғаламтордан келер қауіп артып келеді

0
1 111

Ғаламторға жүктелген материалдардың арасында террорлық, экстремистік, заңсыз қару айналымын жүргізетін сайттар да табылған.


Ғаламтордан келер қауіп артып келеді

Жыл басынан бері 14 мыңнан астам түрлішетелдік бейнежазбалар қазақстандықтардың санасын улап келген. Оған қоса, 5 мыңнан астам порносайт бұғатталған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, осы ғаламторға жүктелген материалдардың арасында террорлық, экстремистік, заңсыз қару айналымын жүргізетін сайттар да табылған.

Жыл сайын елімізде заңға қайшы жұмыс істейтін 30 мыңнан астам сайт бұғатталады екен. Ал, биыл ондайдың 5 300-і табылыпты. Оның іші өршіп тұрғаны порнография, - дейді маман.

"Біз 2016 жылдың өзінде тиісті ведомство Қазақстан аумағында жұмыс істеп тұрған 33 мың сайтты бұғаттадық! Одан бөлек в контакте, фейсбук, инстаграм секілді танымал әлеуметтік желі парақшаларынан 4 жарым мыңға жуық материалды жойдық!", - дейді ҚР Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі комитет төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров.

Ал, қоғам белсенділері ұят түсінігінен ада жандар бұғаттаумен тыйылмайтынын айтады. Сайттар бұғатталса болды, бейәдеп бейнежазбалармен әлеуметтік желілерді толтырады. Себебі, бұл ақша табудың жеңіл жолы, дейді.

"Сайттарда ол әртүрлі жағдайда кездесіп жатады.Адамдарға жарнама арқылы әлеуметтік желілерге әдейі тарату, вотсап арқылы таратунемесе соны әркім әртүрлі жағдаймен шабуылдап кіріп келу. Осындай кейбір шабуылдың да бір түрі осы порнография бұл. Субмәдениет, тобырлық мәдениет немесе бұқаралық мәдениет дегенмен көбі соны былай өздеріне қалқан қылып ұстап барып, сол арқылы неше түрлі порнографиялық дүниелерді таратуға тырысады. Ал, бұған шектеу болған дұрыс", - деді қоғам белсендісі Қуандық Шамақайұлы.

Биыл порномазмұнды видео таратқандарға қатысты 11 іс қозғалыпты. Оның 8-і интернет арқылы көпшіліктің санасын улағаны үшін жауапқа тартылған. 1-уі жасөспірімдерді порнографиялық әрекеттерге баулығаны үшін тергелу үстінде екен.

"Жалпы осындай қылмыстық әрекеттер үшін қылмыстық кодекстің 311-312 баптары бойынша қылмыстық жазалар көзделген! Атап айтқанда, 3 жылдан 5-ке дейін бас бостандығынан айыру!", - дейді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Порносайттың бұғатталғаны кейбіреулерге тосқауыл емес. Тіпті, бұл көшедегі сатушылар үшін жеңіл табыстың тиімді түріне айналыпты. Себебі, базарда кәдімгі CD,DVD дисктерін саудалайтындар енді порнотуындыларды тығып сатуға көшкен. Оның бағасы кәдімгі музыка, кино дискілерінен қарағанда әлдеқайда қымбат екен.

Ал, бүгінде қолынан гаджет түспейтін балалар үшін бұндай алабөтен мәлімет көздерінен төнетін қауіп аса жоғары. Өйткені, ішкі істер министрлігі бұғаттаған сайттардың арасында өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін сайттардың 15 түрін тауыпты. Осы себепті, мамандар интернеттегі ақпараттың қолжетімділігіне қатысты жеке заң шығарған жөн" дейді.

Дереккөз: Еуразия бірінші арнасы