Ғани Бейсембаев жасөспірімдер арасындағы оқиғаларға қатысты пікір білдірді

0
1 779

Бұл туралы ол Facebook-парақшасында жазды.


Ғани Бейсембаев жасөспірімдер арасындағы оқиғаларға қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жасөспірімдер арасындағы оқиғаларға қатысты пікір білдірді, деп жазады Tengrinews.kz.

Бұл туралы ол Facebook-парақшасында жазды.

"Құрметті ұстаздар мен ата-аналар! Кейінгі уақытта жасөспірімдер арасында жәбірлеу жағдайлары жиілеп отыр. Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында болған оқиғалар ешкімді бей-жай қалдырмағаны белгілі. Алматы облысындағы екі баланың өліміне себеп болған қайғылы оқиға жаныма қатты батып отыр. Балалардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бір өкініштісі жәбірлеу кең таралған құбылыстардың біріне айналып бара жатыр. Жасөспірімдердің жантүршігерлік қылығы мен бір-біріне қатыгездік танытуы ақылға сыймайтын дүние. Бізге - педагогтер қоғамдастығы мен азаматтық қоғам, ата-аналар - балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың өміріне демеу болар құндылықтарын қалыптастыру жолында бүкіл ресурсымызды жұмылдырып, бала тәрбиесінде бірлесе қимыл жасау қажеті туындап отыр", - деп жазған ол.
Сондай-ақ, ол білім басқармаларымен кеңес өткізіп, тәрбие жұмысы бойынша бірқатар тапсырма бергенін айтты.
"Бүгін білім басқармаларының, аумақтық департаменттердің, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен шұғыл кеңес өткіздім. Тәрбие жұмысы және ата-аналар жұртшылығымен өзара іс-қимылды күшейту бойынша тапсырмалар бердім. Ішкі істер министрімен және әкімдікпен байланыстамыз. Жергілікті жерде құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізіп, комиссия жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы кешенді жоспар әзірлеу жөнінде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Министрлік заңнамалық базаны жетілдіру жұмысын да жүргізіп келеді. Баланың жәбірленуден қорғануға құқығы бекітілді. Ол үшін Балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, Мектептердің психология қызметтің жұмыс ережесі, Балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік деректерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданды. Еліміздің әр өңірінде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істеп жатыр", - деді министр.
Министрдің айтуынша, балалар мен ата-аналарға жедел көмек көрсету үшін "Бала қорғау" Telegram-арнасы жұмыс істеп тұр.
Балалардың қауіпсіздігі ҚР Оқу-ағарту министрлігі жұмысының ең маңызды бағыты әрі басты назарында болып қала береді.