GIZ Аралдың балық қорын сақтауға қатысты жобаны қаржыландырады

0
925

Ал Халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР-дағы атқарушы дирекциясы балық қорғау қондырғысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлейді.


GIZ Аралдың балық қорын сақтауға қатысты жобаны қаржыландырады

ERNUR.KZ. Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарын басқару бағдарламасы аясында Қызылордада Халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР-дағы атқарушы дирекциясы, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамдық қоры (GIZ) және Қызылорда облысы әкімдігі арасында «Солтүстік Арал теңізінің балық қорын сақтау, қорғау және оны дамыту. Арал-Сырдария Бассейндік кеңесінің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асыру туралы үшжақты меморандумға қол қойылды, деп жазады inbusiness.kz.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Намаев GIZ «Орталық Азиядағы су ресурстарын трансшекаралық басқару» бағдарламасының басшысы Каролина Милов пен Халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР-дағы атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекниязбен кездесіп, Сыр өңірінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге қосқан елеулі үлестері үшін алғысын білдірді.

«Көкарал бөгетінде балықты қорғау құрылғысының болмауына байланысты жыл сайын балықтар жаппай қырылуда. Соның салдарынан 2017 жылы 200 тонна балық шабақтарының қырылуы орын алған. Сол себепті «Солтүстік Арал теңізінің балық қорын сақтау, қорғау және оны дамыту. Арал-Сырдария Бассейндік кеңесінің әлеуетін арттыру» жобасы аймағымыз үшін аса маңызды»,–деп атап өтті Бақытжан Намаев.

Меморандумға сәйкес, Халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР-дағы атқарушы дирекциясы балық қорғау қондырғысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлейді, Германия қоғамы жобаны қаржыландырумен айналысады, ал облыс әкімдігі жобаны іске асыруды қолдау шараларын және ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.