​Гонконгта тоғызқұмалақ ойынының көрсетілімі өтті

0
3 640

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен жəне дипломдармен марапатталды. Іс-шараға қатысушылар тоғызқұмалақ ойынының өте пайдалы екендігіне көз жеткізді.


​Гонконгта тоғызқұмалақ ойынының көрсетілімі өтті

ERNUR.KZ. Гонконг қаласында «Орта Азия орталығының» ұйымдастырумен қазақтың ұлттық ойыны - тоғызқұмалақтан бірнеше семинар жəне халықаралық жарыс өткізілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Шара Гонконг қаласында «Орта Азия Орталығының» ұйымдастырумен Орта Азия күндері аясында өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Шотаев айтып берді.

«Бұл көлемді іс-шара барысында тоғызқұмалақ 200-ге жуық талапкерге таныстырылып, үйрету жəне шеберлік сабақтары өткізілді. Ең алдымен, 28 наурыз күні Гонконг Техникалық университетінің ғимаратында бірнеше еріктілермен кездесу өткізіліп, тоғызқұмалақ ойынының насихатталуына ықпал жасалды. Орта Азия орталығындағы еріктілер тобы бірнеше ұлттан құрылған, ынтымағы жарасқан, белсенді ұйым. Олардың арасында қазақ, түрік, тәжік, Гонконг және Сингапур жастары бар», - деп атап өтті М. Шотаев.

Сонымен қатар аталған шарада əлем чемпиондары Əсел Далиева мен Серік Ақтаев жергілікті тұрғындарға шеберлік сабақтарын өткізген.

«29-31 наурыз аралығында Гонконгтың ең үздік мектептерінен жиналған зерек оқушыларға тоғызқұмалақты таныстыру шаралары «Oasis» орталығында жасалды. 200-ге жуық белсенді жастар қазақтың ойынымен танысып, əлем чемпиондары Əсел Далиева мен Серік Ақтаевтан шеберлік сабақтарын алды. Олардың арасынан іріктелген жастар халықаралық жарысқа қатысты. Гонконг-2019 жарысына Қазақстан, Сингапур және Гонконгтан таңдаулы 12 ойыншы қатысты», - деді М.Шотаев.

Жарыс швейцар жүйесімен өтіп, 5 турда жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде, бас жүлде Серік Ақтаевқа, 2-орын ҚРЕССШ Əсел Далиеваға, ал 3- орын, гонконгтық Янг Йенгке (Yang Jeng) бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен жəне дипломдармен марапатталды. Іс-шараға қатысушылар тоғызқұмалақ ойынының өте пайдалы екендігіне көз жеткізді.