Грузиядағы қазақстандық бойжеткеннің өлімі: марқұмның анасы Тбилисиге ұшып кетті

0
486

5 мамыр күні Тбилисидегі көпқабатты үйдің жанынан 26 жастағы Әсел Айтпаеваның денесі табылған болатын.


Грузиядағы қазақстандық бойжеткеннің өлімі: марқұмның анасы Тбилисиге ұшып кетті

ERNUR.KZ. Грузияда қаза тапқан қазақстандық Әсел Айтпаеваның анасы Тбилисиге ұшып кетті, деп жазады Azattyq Rýhy.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, марқұмның анасына ведомствода паспортты жылдам ресімдеуге және ұшаққа билет табуға жәрдем көрсетілген. Бойжеткеннің денесі Қазақстанға келесі аптаның басында жіберіледі.

Айта кетсек, қазақстандық бойжеткеннің өлімі туралы ақпарат бірнеше күн бұрын БАҚ беттерінде жария болды. Тергеу деректеріне сәйкес, зорлық көрген қыз өзіне өзі қол жұмсап көз жұмған. Оның денесі 5 мамыр күні Тбилисидегі көпқабатты үйдің терезелерінің астынан табылды.

Грузиялық телеарналар 26 жастағы қазақстандық бойжеткеннің мен оның өліміне күдікті деп танылған Бесик Тордуа есімді грузиялық азаматтың арасындағы әңгіменің аудиожазбасын жариялады. Онда күдікті оны қорлап, ар-намысына тиетін сөздер айтады және өзін-өзі өлтіруге мәжбүр етеді. Жазбадан ер адамның қызды ұрып жатқанын естуге болады.

«Анасы қызының өліміне қатысты әділ тергеуді талап етеді. Ол осы қылмыстық іске қызын Грузияға шақыртып алған өзінің күйеуі баласының да қатысы бар екенін мәлімдеді», - делінген Inbusiness порталы таратқан хабарламада.

Грузияның Бас прокуратурасы күдіктінің ұсталғанын, оған зорлау және өзін-өзі өлтіруге жеткізу айыбы тағылғанын хабарлады. Ер адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Іс бойынша алдын ала тыңдалым 23 маусымда өтеді.

Сексуалдық қылмысқа қатысты болғандықтан, сот отырыстары жабық режимде өтетін болады және БАҚ өкілдері кіргізілмейді.