Илон Маск Қазақстан студенттеріне дәріс оқиды

0
2 651

Инженер, кәсіпкер, өнертапқыш, инвестор, миллиардер Масктің дәрісі 1 мамырға жоспарланып отыр.


Илон Маск Қазақстан студенттеріне дәріс оқиды

ERNUR.KZ. 1 мамыр күні SpaceX және Tesla компанияларының бас директоры, миллиардер Илон Маск пен Қазақстан студенттері арасында Zoom платформасы арқылы кездесу өтеді. Жиған дәулеті (199,9 млрд доллар) бойынша әлемдегі ең бай адамдар тізімінде алғашқы үштіктен түспейтін Илон Маск қазақ жастарына 15-20 минут дәріс оқуға келісім берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледжінің құрылтайшысы Талғат Төремұратовтың айтуынша, Илон Маскпен келіссөз жүргізу былтыр қыркүйек айында басталған.

«Өздеріңізге белгілі, Илон Масктің артық 1 минуты, тіпті, 1 секунды да жоқ адам. Дегенмен, қыркүйек айынан бастап жүргізілген хат алмасу нәтижесінде ол 15-20 минут уақытын бөлуге дайын екенін айтты. Енді біз сұрақтар тізбесін жасап, оның менеджерлеріне жібереміз.
Әрине, белгіленген аз уақытта Илон Маск біздің студенттерге физиканың қыр-сырын немесе ақша табудың жолдарын үйретіп үлгермейді. Алайда, санаулы уақыттың өзі мұндай жетістігі мол азаматтан сана серпілісін тудыратын, студенттердің білім алуға деген көзқарасын 360 градусқа өзгертетін ақпарат алуға жеткілікті. Қазір кітап оқуды насихаттау маңызды. Илон Маск сұхбатының бірінде кеңестік физика кітаптарын оқығанын айтып еді. Біз де студенттер құлшынысын арттырғымыз келеді», - дейді Талғат Төремұратов.

Zoom арқылы кездесу Ақтөбеде орналасқан Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледжінің студенттерімен өтпек. Алайда, колледж басшылығы осы жайында ҚР Білім және ғылым министрлігін хабардар етіп, бұл кездесуге өзге де өңір студенттері қатысқанын жөн деп тапқан.

«Пандемия басталғалы бері қашықтан оқу режиміне ауыстық. Біз студенттердің оқуға қызығушылығын арттыру үшін «Профессордың келуі» дәрістерін іске қостық. Апта сайын Норвегия, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Үндістан ұстаздары біздің студенттерге дәріс оқиды. Финляндия елінің оқу бағдарламасын енгіздік. Ұстаздарымыз 15 наурызда Беларуське ұшады. Ол жақтан жақсы тәжірибе алады деп ойлаймыз», - деп, Талғат мырза қолдау көрсеткен Білім және ғылым министрлігіне алғысын айтты.

Айта кетерлігі, Илон Маскпен онлайн кездесу идеясын колледж құрылтайшыларына Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова ұсынған. SpaceX және Tesla компанияларының басшысы Илон Масктен кейін тағы кіммен Zoom арқылы кездесу өткізілетіні әлі нақтыланбаған.