Ирландиялық әжей Димаш үшін есімін өзгертіп тастады

0
1 556

Димаштың ерекше даусы мен талантының құпиясын ашу үшін Ақтөбеге арнайы келген.


Ирландиялық әжей Димаш үшін есімін өзгертіп тастады

ERNUR.KZ. 76 жастағы ирландиялық әйел Джун Лазан Димаш Құдайберген үшін есімін өзгертіп тастады. Ол сүйікті кумирінің ерекше даусы мен талантының құпиясын ашу үшін Ақтөбе қаласына барған, деп жазады ҚазАқпарат.

Джун Лазар Димаштың Мәскеудегі концертіне қатысқан соң Ақтөбеге атбасын бұрған. Ол Құдайбергеновтің ата-анасымен танысып, қаланы аралауды ұйғарған. Бірнеше күн ішінде Есет батыр, Абат байтақ кесенелерінде, Әлия мұражайында, сондай-ақ, Димаш білім алған мектеп пен музыкалық колледжін аралап көрген.

"Димаш Құдайбергенді алғаш YouTube-тен көрдім. Ол мені өзінің соңынан шақырғандай болды. Мен Димаштың ерекше тағдырлы жігіт екенін сездім, ол әлемді өзгерте алатын күшке ие. Оның алдында үлкен миссия тұр. Ақырында өзімен танысып, Отаны Қазақстанды, халқының салт-дәстүрін, балаларды қатты жақсы көретінін түсіндім", - дейді Джун Лазар.

Ирландиялық әйелдің Димашты жақсы көргені соншалық, ол өз кумирі үшін есімін өзгертіп, атына "маш" жалғауын жалғап, бүгінде өзін Джун-маш Лазар деп таныстырады..

Джун-маш Лазар - шығармашылыққа жақын әйел. Сөзіне қарағанда, 5 жасында ол ән айтып, би билеумен айналыса бастаған. Егде жасына қарамастан, әлі күнге дейін биден сабақ береді. Сондай-ақ, тігін тігіп, тоқыма тоқығанды ұнатады. Ол алғашқыда саясаттану мен тарих саласы бойынша жоғары білім алған. Сондай-ақ, қоржынында өнер мен әлеуметтану саласының дипломы да бар.

Ирландиялық әйел осыдан 5 жыл бұрын да Қазақстанға келген. Алайда Ақтөбеге алғашқы сапары екен. Қазақстандықтармен таныса келе, ол екі халықтың арасында ортақ дүние көп екенін түсінген.

Сондай-ақ Джун Лазарға ақтөбеліктердің өзіне тарту еткен қазақтың ұлттық камзолы да өте қатты ұнаған. Енді әйел жаз айларында Алматы мен Нұр-Сұлтанға баруды жоспарлап отыр.