Ішімдік ішіп бөтен автокөлікті айдап кеткен адам қолға түсті

0
1 087

Автокөліктің жүк салғышынан пышақ және балға табылды.


Ішімдік ішіп бөтен автокөлікті айдап кеткен адам қолға түсті

ERNUR.KZ. «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында петропавлдық полицейлер автомобиль айдап әкеткен күдіктіні ұстады, деп жазады inform.kz.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары күдік тудырған Volkswagen Passat маркалы автомашинаны тоқтатқан. Автокөлікке зақым келтірілгенін көрген полицейлер жүргізушінің құжаттарын тексеріп, оның спирттік ішімдік ішкенін байқаған.

Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылының 27 жастағы тұрғыны автомашинаның оған тиесілі емес екендігін мойындады. Ол - Лесная көшесі бойындағы үйдің ауласынан бірнеше сағат бұрын рұқсатсыз мініп кетіпті. Ер адамның сөзіне қарағанда, ол түнде 4 рет көлік ұрлығын жасамақ болған. Автокөліктің жүк салғышынан пышақ және балға табылды.

Медициналық тексеруден өткен мас жүргізуші қалалық ПБ Екінші полиция бөлімінің жедел-тергеу тобына табыс етілді. «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Тәртіп сақшыларының айтынша, «Құқықтық тәртіп» республикалық операциясының екі күнінде 1343 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның 207-сі алкогольдік ішімдіктер iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, 20-сы автокөлікті мас күйде басқару бойынша.

Жедел-профилактикалық іс-шара 20-шы наурызда аяқталады.