Ішімдік ішпеген, ереже бұзбаған адамдар да жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін

0
1 637

Мамандардың айтуынша, тұмау мен жөтелге қарсы дәрілердің құрамындағы кодеин, фенобарбитал сынды қоспалар ағзада ішімдік пен есірткінің аз мөлшерін көрсетеді.


Ішімдік ішпеген, ереже бұзбаған адамдар да жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Алматы қаласы бойынша сот сараптамалары институтының қызметкерлері кейбір дәрілер көлік жүргізу куәлігінен айыруы мүмкін екенін ескертті, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Мамандар тұмау мен жөтелге қарсы дәрілердің құрамындағы кодеин, фенобарбитал сынды қоспалар ішімдік пен есірткінің аз мөлшерін болса да ағзада көрсетеді дейді. Жылдам сараптама жасайтын құрылғылар оны бірден анықтап береді екен. Сондықтан адамның ауруын жазған дәрі көлік жүргізу куәлігінен айыруы әбден мүмкін. Мұндай жағдай жиі кездесетін көрінеді. Мысалы дене қызуына, тамақ ауруына және тұмауға қарсы дәрілердің құрамында апиыннан алынатын кодеин, фенобарбитал сынды ауруды бәсеңдететін қоспалар бар. Оны тұрақты пайдаланған соң, адам ағзасы бір аптада толық тазарады.
"Әрине, дәрілердің құрамындағы кодеин, фенобарбитал сынды қоспалар ішімдік ішкен, есірткі пайдаланған адамдардың ағзасындағы мөлшерге қарағанда әлдеқайда төмен. Бірақ жылдам сараптама жасайтын құрылғылар дәрілердің де мөлшерін көрсетеді. Сондықтан толыққанды сараптамадан өту керек. Ол жерде уақыт шектеуі бар. Осындай даулы мәселеде бірден зертханалық сараптама жасатқан жөн",- дейді Алматы қаласы сот сараптамалары институтының бөлім басшысы Дарья Скурихина.
Алайда адам ағзасындағы зиянды заттардың мөлшері сағат сайын азаятындықтан зертханалық сараптама уақыты да шектеулі. Ал көлік тізгіндеген азаматтардың көбі тек тыныштандыруға арналған дәрілік заттардан ғана хабардар екен.
Айта кетейік, елде 11 қаңтардан бастап жол жүру ережесіне қатысты заңға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Яғни, мас күйде көлік тізгіндегендерге қатысты жаза қатайды. Жаңа заң күшіне енген күннен бері Алматы қаласы бойынша мас күйінде көлік тізгіндеген 52 жүргізуші анықталып, ісі сотқа жіберілген. Оның он тоғызы жол апатына түскен.
"Жүргізушілер мас күйінде немесе есірткі қолданып жүрген кезінде ұсталды. Сол 52 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, олар жауапқа тартылды. Олар жеті жылға жүргізу куәлігінен айырылып, 15 тәулікке қамалды. Өткен жылмен салыстырғанда 68 пайызға азайыпты", - дейді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев.
Мұндай даулы мәселеден аулық болу үшін бірінші кезекте дәрілердің құрамын қарау керек дейді мамандар. Өйткені аталған зиянды заттар дәрілердің барлығында бірдей бола бермейді екен.