Қайрат Сатыбалдыға сот үкім шығарды

0
370

Бұған дейін айыпталушы тарап пен жәбірленуші тарап саналатын компаниялардың келісімге келгені хабарланған болатын.


Қайрат Сатыбалдыға сот үкім шығарды

ERNUR.KZ. Астана қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша үкім шығарды, деп жазады ulysmedia.kz.

Бұған дейін айыпталушы тарап пен жәбірленуші тарап саналатын компаниялардың келісімге келгені хабарланған болатын. Сотталушылар Сатыбалды, Қоңырбаев, Бекетов, Мұхаметжанұлы, Муравьев татуласу туралы медиациялық келісімді растап, бәрі де айыппен келісетінін айтқан. Прокурор Есебаев соттан Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды, мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, мемлекеттің үлесі 50 пайыздық кәсіпорындарда 10 жыл жұмыс істеу құқығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді сұраған. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтеуі керектігін айтты.

Бүгінгі сот отырысына да айыпталушылар онлайн режимде қатысты. Судья Нұрлан Баяхметовтің үкімімен Қайрат Сатыбалды бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, мемлекеттің үлесі 50 пайыздық кәсіпорындарда 10 жыл бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды. Мүлкі тәркіленді.

«Президентке Сатыбалдыұлын ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры атағынан, сонымен қатар «Құрмет» және «Парасат» орденінен айыру туралы ұсыным енгізілсін», - деді судья.

Айта кетсек, бірнеше күн бұрын басталған сотта сотталушының адвокаты Қайрат Сатыбалды кінәсін мойындайтынын, екі компанияның шығынын өтегенін мәлім етті. Процес екі іс бойынша қаралған болатын.

Еске сала кетсек, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды осы жылдың наурызында қамауға алынған еді. Оның үстінен «алдау жолымен мүліктік залал келтірді», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Одан бөлек ол «салықтан және кедендік төлемдерден жалтарды», «қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды» деген күдікпен де тергелген.

Наурызда сонымен қатар әйелі Гүлмира Сатыбалды да «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды» деген айыппен қамауға алынған.

Ал Қайрат Сатыбалдының інісі Самат Әбіш Қаңтар қырғынынан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен босатылған. ҰҚК Самат Әбіш «тергеу назарында» екенін мәлімдеген. Алайда оның қандай да іске қатысы бар-жоғы айтылған жоқ.