"Қалың малдың ақшасын үш жылға дейін бөліп төлеуге болады" - Этнограф

0
1 879

Мамандар бұл салтымызға трансформация жасайтын уақыт келді деген пайымда.


ERNUR.KZ. Қоғамда кейінгі кездері қалың малға қатысты түрлі өткір пікірлер айтылып, көптің талқысы көбейген. Бұл дәстүрді жақтайтындар мен даттайтындар да табылады. Қалың малға қатысты халық мен белсенділердің, этнографтардың пікірі туралы Stan.kz "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап жазады.

Қазақта күйеуге шыққан қыздың қалың малын санау әдетке айналған. Көк қағаздың неғұрлым көп болғаны, қыз бен оның әулеті үшін абырой саналады бұл күнде.

"700 мың берді. 300 мың ана сүті ретінде берді. Оның барлығын ертерек өздері алдын ала келісті, ақылдасты. Солтүстік өңірде қалың мал деген жоқ. Ал, оңтүстікте ол міндетті түрде берілуі керек. Қазақтың салт-дәстүрі болғандықтан", - дейді қала тұрғыны Гүлнұр Кеңесова.

Бірақ, солтүстік өңірде бұл дәстүр атымен жойылып кетті деуге де болмайды. Мәселен, осы аймаққа келін болып түскен Гүлнұрдың отбасына жігіт жақ қалың мал да, киіт те беріпті.

"Бүкіл туысқандарға алтын кидіріп, кит болды жалпы. Шапан кигізді, бөрік кигізді үлкен атамызға. Ал өзімнің мамама брилиант тақты", - деді Гүлнұр Кеңесова.

Ал, шоу бизнесте де, той бизнесте де көп жүретін әнші Жазира Байырбекова қалың малға қанша әкелгенді жарияға жару салу дұрыс емес дейді. Оның пайымынша, күйеу жігіттің тарту-таралғысын тек қыздың өз шаңырағындағылар ғана білгені дұрыс.

"Құдалардың бір-біріне сыйлық беріп, құрмет көрсеткендері ұнайды. Бірақ, мен қабылдай алмай жүрген дәстүрлеріміз бар. Осы бізге кит-мит, бір-біріне беретін мата-сатаны қоюға болмай ма? Қыздың артынан әкелген қалың мал сомасын қыздың өз шаңырағындағылар ғана білсе болмай ма? Көпшілік алдында хабарлау міндетті түрде керек пе? Ең ұнамайтын жері - құдалардың алып келген дүниесін ортаға шығарып көрсету", - деді әнші Жазира Байырбекова.

Бұл дәстүрге қатысты бүгінде көзқарас та өзгерген. Айталық, солтүстік өңірдің тумасы Төлеген Ерғалиев жарын қалың малсыз-ақ алыпты. "Күйеу жігітте одан бөлек те шығындар көп. Сол себепті бұл ескі салттан арылғанымыз жөн" деген пікірде ол.

"Иә, мен қалың малға қарсымын. Өйткені, ол уақыт өтті. Жастарға мүмкіндік беру керек. Енді үйленетін жігіттің қалың малдан да басқа шығындары жетерлік қой. Тойға да, киітке де талай ақша кетеді. Одан да пәтер алғандары дұрыс. Өзім әйелімді қалыңсыз алдым. Оның ата-анасының тарапынан қысым болған жоқ. Қазір өз үйімізде тұрып жатырмыз", - деді Төлеген Ерғалиев.

Ал этнографтар болса ықылым заманнан келе жатқан бұл салтымызды сақтауымыз керек деген ойда. Оны тек заман талабына бейімдеу керек. Мәселен, екі жастың ата-аналары қалың малды бөліп төлеуге келіссе онда тұрған дәнеме жоқ дейді.

"Қалың мал беру дәстүрінде қазіргі кезде қоғамда қалыптасып кеткен бір қалың малдың бағасы бар. Бір аудандар болады, мысалы, қыздың қалың малын миллионға есептейді. Біреу бар, орталық жақта бес жүз мың дейді. Негізі бұл қыздың бағасын бермеу керек. Бір миллион дейік, бірақ күйеуі тарапынан жағдайы жетпейді. Сол үшін екеуін ажыратудың қажеті жоқ. Оған белгілі бір уақыт беру керек. Айтып өттім, үш жылға дейін қалың малдың ақшасын бөліп төлеуге болады. Былай айтқанда бөліп төлеу ғой, кредит сияқты ғой бұл да. Бір миллионды үш жылда күйеу тарапы төлеп біту керек", - деді этнограф Қалжан Рахымжанов.

Қоғам белсендісі ата-ана қызын өзі үшін тәрбиелейді деген пікірде. Сондықтан да тұрмысқа шығарда оның дипломы мен жұмысын саудаға салу дұрыс емес дейді. Одан да екі жастың бақытты болып кетулеріне тілекші болған абзал.

"Қазіргі кезде қыз беретін жақ шыны керек қалың мал сұратып жатады. Менің қызымның екі дипломы, үш дипломы бар, немесе керемет жерде жұмыс істейді деп. Менің қарауымша, қазақта сөз бар, "теңін тапса тегін бер" деген. Сондықтан өмірде қызымыз өзінің теңін тауып, болашақ жарын кездестіріп жатса одан артық сый бар ма?", - дейді қоғам белсендісі Қазипа Мұхамедқалиқызы.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Сондықтан мамандар ықылым заманнан келе жатқан бұл салтымызға трансформация жасайтын уақыт келді деген пайымда.