Қаңтар оқиғаларынан кейін азаптау фактісі бойынша 9 құқық қорғау қызметкері ұсталды

0
448

Тергеу-жедел топ өкілдері лаңкестік актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3502 қылмыстық істі тергеп жатыр.


Қаңтар оқиғаларынан кейін азаптау фактісі бойынша 9 құқық қорғау қызметкері ұсталды

ERNUR.KZ. Қаңтар оқиғаларынан кейін азаптау фактісі бойынша 9 құқық қорғау қызметкері қамауға алынған, деп жазады Stan.kz.

"Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және одан кейін ұсталған адамдардың құқықтарының сақталуын бас прокуратура ерекше бақылауға алған. Бүгінгі таңға дейін азаптау және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалса, олардың ішіндегі ең атышулыларын арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында ұсталғандарға қатысты заңсыз тергеу әдістерін қолданған деген күдікпен тоғыз қызметкер анықталып, ұсталды", – деді Шалабаев.

Тергеу-жедел топ өкілдері лаңкестік актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3502 қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу изоляторларында 737 адам отыр, оның ішінде 307 адамға бұлтартпау шарасы өзгертілді, оның ішінде 27 кәмелетке толмағандар. Екі жасөспірім әлі де болса қамауда отыр.

"Қаңтар оқиғаларына қатысты істер бойынша оқиға орнына 1,5 мыңға жуық тексеру жүргізілді, 1500-ден астам сот-медициналық сараптама тағайындалды және жүргізілуде. Прокуратура органдарына тергеудің заңсыз әдістері мен азаптауды қолдану бойынша 283 арыз келіп түскен. Кінәлі деп танылған тәртіп сақшылары заң шеңберінде қатаң жауапкершілікке тартылып, сотталады", – деді Серік Шалабаев.

Бұған дейін қаңтар айының басында болған жаппай тәртіпсіздікке байланысты ұсталған алты адам "жауап алудың заңсыз әдістерін қолданудан" уақытша ұстау изоляторында қайтыс болғаны хабарланған.

Мұндай көрсеткіш бойынша Алматы қаласы ҰҚК-да екі адам, Шығыс Қазақстан облысында – 3 адам, Талдықорғанда 1 адам қаза тапты.