Қаңтар оқиғасы кезінде 25 адам ыстық үтікпен азапталған – Бас прокуратура

0
497

Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы ретінде еліміздің әр өңірінен 27 адам анықталды.


Қаңтар оқиғасы кезінде 25 адам ыстық үтікпен азапталған – Бас прокуратура

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығы Cерік Шалабаев айтты, деп жазады ulysmedia.kz.

«Бас прокуратура қаңтар оқиғаларына байланысты қылмыстық істердің тергеу барысы туралы мәліметтерді жариялап жатыр. Белгілі болғандай, сол қайғылы күндері Алматы, Шымкент қалаларымен Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қирату, мемлекеттік объектілері өртеу, мүлікті жою және терроризм актілері болды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, прокуратура органдарының қадағалауында 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру бар.

«Бүгінгі күні еліміздің әр өңірінде осы қылмыстардың ұйымдастырушысы ретінде 27 адам анықталды. Олардың қатарында Алматы әуежайына шабуыл жасап, «Көктөбе» телемұнарасын басып алуға әрекет жасаған тұлғалар да бар», - деді Серік Шалабаев.

Оның айтуынша, «рұқсат етілмеген тергеу әдістері фактілерімен тіркелген қылмыстық істерге ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта 8 резонансты істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр.

«Бұл істер бойынша 15 құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері күдікті ретінде танылды, оның 9-ы қамауда. Атап айтқанда, Алматы облысында қызған үтікті пайдалану арқылы азаптау ісі бойынша 25 адам жәбірленгені анықталды. Барлық арызданушылар азаптауды қолданудың ұқсас тәсілін сипаттады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Серік Шалабаевтың айтуынша, жедел-тергеу әрекеттердің нәтижесінде арнайы прокурорлар 5 полиция қызметкерінің үтікпен азаптауға қатысы бар екендігі анықталған. Олардың үшеуі кінәсін мойындап отыр.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық департаментінің екі қызметкеріне қатысты тергеу әрекеттерін аяқтадық. Олар ұсталған адамды ұрып-соғып, өлтірген деген күдікке ілінді», - деді қызмет бастығы.