Қаңтар оқиғасы: Мәжіліс рақымшылық туралы құжатты мақұлдады

0
457

Егер сотталғандардың «Рақымшылық жасау туралы» Заң қолданысқа енгізілген күнге жазасын өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, негізгі жаза оның бүкіл өтелмеген мерзіміне қысқартылады.


Қаңтар оқиғасы: Мәжіліс рақымшылық туралы құжатты мақұлдады

ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Көпшілігіміз қаңтар, ақпан айларында тергеу изоляторларына барып, ұсталғандармен кездестік, тергеушілер мен ұсталғандардың туыстары, қоғам белсенділері арасында кері байланыс ұйымдастырдық. Біз соның ішіндегі жастардың негізгі бөлігі қылмыскерлердің, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың қолшоқпары болғанына көз жеткізе алдық. Олар қатты өкініп, өз кінәсін мойындады. Айта кету керек, алғашқы күндерден бастап Президентіміз осы қайғылы оқиғаларды ұйымдастырушылардың айтқанына еріп, тура жолдан тайғандарға аяушылық танытуға шақырды. Мемлекет ауыр қылмыс жасамаған қатысушылар үшін жазаны жеңілдетті. Бүгінгі таңда 1 060 адам сотталды, олардың тек 106-сы нақты бас бостандығынан айырылды», - деді Мәжіліс депутатты Гүлнар Бижанова.

Оның айтуынша, қаңтар айында зардап шеккендерге келтірілген залал өтеліп жатыр, әлеуметтік, қаржылық және өзге де көмек көрсетіліп отыр.

«Бұл жұмысқа «Қазақстан халқына» қоры да қатысып жатыр. Біз, Парламент депутаттары үндеуді қолдап, конституциялық өкілеттіктерге сүйене отырып, осы заң жобасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасаған қаңтар оқиғаларына қатысушыларға қатысты рақымшылық жасау туралы Мемлекет басшысының бастамасын іске асыруды ұсынамыз», - деді депутат.

Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталсақ, оның аясында рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы анықталды. Ол үшін нақты уақыт аралығы белгіленді. Бұл тұрғыда 4 пен 7 қаңтар аралығы қамтылды.

«Қылмыстық кодекстің әрбір адам бойынша нақты баптарын көрсете отырып, осы оқиғаларға қатысты барлық іске талдау жасалды. Құжатта қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы аз орташа қылмыстар үшін жазадан босату ескерілген. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандарға мерзімдерді қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстарға мерзімнің жартысы қысқарады», - деді ол.

Бұл ретте, егер сотталғандардың «Рақымшылық жасау туралы» Заң қолданысқа енгізілген күнге жазасын өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, негізгі жаза оның бүкіл өтелмеген мерзіміне қысқартылады.

Сонымен қатар, террористер, экстремистер, рецидивистер, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар және азаптаулар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды. Бұл туралы Президент нақты айтқан болатын.

«Алдын ала жасалған есептеу бойынша осы кезеңде рақымшылық 1,5 мыңға жуық адамға жасалады. Заң жобасын іске асыру қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді және теріс экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», - деді Гүлнар Бижанова.