Қаңтар трагедиясы: Екі полицейді көлікпен қаққан ақтөбелік 15 жылға сотталды

0
394

Сот залындағы 18 айыпталушының 16-сы бостандыққа шықты.


Қаңтар трагедиясы: Екі полицейді көлікпен қаққан ақтөбелік 15 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде қаңтар оқиғасы бойынша сот үкімі шықты. Бұл жолы 17 ер адам мен 1 әйелге қатысты іс қаралды, деп жазады exk.kz.

Жергілікті "Диапазон" басылымының мәліметінше, сот залына келгендердің бірі қуаныштан судьяға алғыс айтса, өзгелерінің көңілі түскен. Әсіресе, екі полицейді көлікпен қаққан Нұрсұлтан Исаевтың жазасы ауыр. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал екі тұрғынға, яғни, Ернұр Әжниязов пен Асланбек Омаровты сот толықтай ақтап шықты. Енді олар мемлекеттен осы уақытқа дейін келтірілген моралдық шығынды өндіріп алуға құқы бар.

Айыпталушылар орындығындағы жалғыз әйелді де шеруге шыққандар қатарында болмауына байланысты сот кінәсіз деп таныды. Ол да осы күнге дейін келтірілген моральдық шығынды мемлекеттен талап ете алады.

Осылайша сот залындағы 18 айыпталушының 16-сы бостандыққа шықты. Тек екі адам темір торға қамалды. Бірі Нұрсұлтан Исаев, екіншісі Қами Дархан. Сот оған 4 жылға жазасын өтеу үшін бостандығынан айырды. 8 айыпталушыға шартты түрде жаза кесілсе, 4 адамды үй қамақта ұстау шешімі оқылды.