Қаңтарда болатын ҰБТ-ға өтініштер 20 желтоқсаннан қабылданады

0
897

Тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.


Қаңтарда болатын ҰБТ-ға өтініштер 20 желтоқсаннан қабылданады

ERNUR.KZ. Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 20 желтоқсанда басталып, 6 қаңтарға дейін жалғасады, деп жазады sputnik.kz.

ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында жүргізіледі.
Тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Азаматтар тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. ҰБТ-2023 форматында өзгерістер жоқ. Алайда, "Қазақстан тарихы" 20 сұрақ және "Оқу сауаттылығы" пәніне 15 сұрақ болып тест тапсырмалары санына өзгерістер енгізілді.
Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Барлығы – 120 тапсырма. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыты беріледі.
Сонымен қатар жауап нұсқалары саны азайды. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке азайды. Ал бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.
"Қаңтардан бастап "Информатика мұғалімдерін даярлау", "Ақпараттық технологиялар", "Ақпараттық қауіпсіздік" білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны "Математика-Информатика" комбинациясы бойынша тапсырады. Тестілеуге дайындықты жақсарту мақсатында біз оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Тестілеу барысында қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады", - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Сондай-ақ барлық талапкерлер үшін тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі қолжетімді болады.
Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.