Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы қалай атап өтіледі?

0
1 475

Қаныш Сәтбаев геологиядан бөлек, мәдениет пен тарих саласына сіңірген еңбегі ерен.


Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы қалай атап өтіледі?

Келер жылы қазақтан шыққан тұңғыш академик, даңқты геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толады. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы атанған бұл тұлғаның мерейтойына қазақ жұрты жүрдім-бардым қарамайтыны анық. Себебі, бұған дейін Қаныш Имантайұлына айрықша құрмет көрсетіп, тіпті бір қаланың атауын берген ел бұл жолы белсенділік танытпауы мүмкін еместей. Осы орайда, жас ұрпаққа өнеге болсын деп, қазақ халқының тұңғыш академигі атанған азаматтың өмірі, ел үшін еткен еңбегі мен оның құрметіне арналған көптеген іс-шараларға тоқталып өтуді жөн санадық.


Қаныш Имантайұлының азан шақырып қойған есімі – Ғабдул-Ғани. ол 1899 жылы 12 сәуір күні қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл аудан аумағындағы Имантай атты бидің шаңырағында туылған. Анасы Ғабдул-Ғазиз атты үлкен ұлын «Бөкеш» деп еркелетсе, Ғабдул-Ғаниды «Ғаниым, Ғанышым» деп атаған екен. Содан күндер өте келе ол облыстық мектепке барғанда журналға аты «Қаныш» деп жазылып, сол күйі Қаныш аталып кеткен. Ауыл молдасынан білім алған ол Шорман деген ауылдағы мектепте 4 жылдық білім алып, 1911 жылы Павлодардағы екі сыныпты орыс-қазақ училищесіне барады. Бір қызығы – Ғабдул-Ғани сол мектепті қатарластарынан бір жыл бұрын бітіріп шығады. 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына аттанып, төрт жыл ішінде бастауыш сынып оқушыларына орыс тілінен сабақ беру құқығына ие болады. Сөйтіп, 1918 жылдың соңында Земство басқармасының қаржысымен Алаш қалашағында ашылған ауылдық қазақ мектептеріне мұғалім болып, еңбек жолын бастайды. Сол кездегі курс бастығы Троицк медресесін тәмамдаған Мәннан Тұрғанбаев есімді азамат болса, оқу ісінің меңгерушісі – Павлодар мен Семейде өзімен бірге оқыған Жүсіпбек Аймауытов болған екен.


Сол кезде білімге құмар Имантайұлы мұғалімдік деңгейінде тұралап қалмай, біртіндеп Томск технология институтының математика факультетіне оқуға түсуге әзірлене бастаған. Тиісінше, оқуға түсер алдында тапсыруы тиіс математика және ағылшын тілі пәнінен Семейде жұмыс істейтін Ғарифолла Нығметулиннен қыс бойы қосымша сабақ алған. Алайда, ол 1919 жылы қатты ауырып, ауруханаға түсіп, емдеген дәрігер С.Н.Разумовский оған бұдан былай Семейде қалуға болмайтынын жеткізген.


Содан соң, еліне қайта оралып, 1920-1941 жылдар аралығында Баянауылдағы халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, 1941-1952 жылдар арасында КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан ғылым академиясының президенті болып, 1952 жылы сұрқия саясаттың қысымы дәрежесін төмендетіп, Қазақ КСР Геология институтының директоры қызметіне тағайындалған. Ал, 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті ретінде қайта тағайындалып, көзі кеткенше сол қызметті атқарған.

Бір ерекшелігі – Қаныш Сәтбаев геологиядан бөлек, мәдениет пен тарих саласына сіңірген еңбегі ерен. Мәселен, ол Ұлытау жеріндегі тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеп, көптеген этнографиялық жәдігерлерді жинақтап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбек жазған. Ол еңбекте Ұлытау өңірінің металлургия орталығы ғана емес, қазақ халқының саяси орталығы болғандығы да дәлелденген. Сондай-ақ, қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын әзірлесе, А.Затаевичтің 1931 жылы басылған «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына қазақ халқының алтын қорындағы 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме бере отырып, енгізген. Одан бөлек, Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтінін қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған да осы Қаныш Имантайұлы.


Жалпы, Қаныш Сәтбаев Томск технологиялық институтының тау-кен факультетінде геологиялық барлау мамандығын игергеннен кейінгі бүкіл өмірін Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеалогиясын зерттеуге арнаған. Сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға жақындаған ауыр кезеңде Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болуы да ерлікпен бірдей. Оның құнды еңбектерінің ішіндегі Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары туралы еңбектерінің маңызы зор. Сондай-ақ, ол жері минералды шикізатқа бай Сарыарқа, Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарды да айрықша зерттеп, ол жерлердегі кеннің стратиграфиясы, тектоникасы, құрылысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы ғылыми қорытындылар жасаған. Геология ғылымына формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізген.


Одан бөлек, Қаныш Имантайұлының жетекшілігімен бірнеше жыл бойы іске асырылған зерттеулер нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалып, соның арқасында өңірде қара, түсті және сирек кездесетін бірнеше металл кені ашылған. Қаныш Сәтбаев Қарағандыдағы металлургиялық заводты салуға, Қостанай мен Алтайдағы темір және марганец, Қаратаудағы фосфорит кендері сынды көптеген өндіріс орындарын және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына және өзге де көптеген істерге мұрындық болып, Отандық ғалымдарға жол көрсеткен біртуар азамат.


Оның мықтылығын бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты; СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі болғанынан да анық аңғаруға болады. Сол кездегі ең абыройлы атақтар – Ленин сыйлығын 4 рет алып, II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және иемденгені де зор мәртебе.

Тиісінше, оның есімі кен-металлургия комбинаттары мен институттарға, еліміздегі қалалардың көшелеріне, көптеген мектептерге беріліп, алып Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, қарт Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сәтбаевит) атымен аталған. Сонымен бірге, елімізде Сәтбаевқа арналған мұражайлар да бар.


Оған қоса, 2021 жылдың шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Астана шаһарында даңқты ғалым Қаныш Сәтбаевтың құрметіне ескерткіш орнатылды. Ол сәулет туындысын Павлодар облысының әкімдігі мен Баянауыл жұртшылығы және мүсінші Асқар Нартов жүзеге асырған. Сонымен қатар, 2023 жылдың ақпан айының басынан бастап академиктің тағдыры суреттелген «Қаныш» атты 6 сериалы телетуындының толықметражды нұсқасы еліміздегі барлық кинотеатрдан көрсетіле бастады.


Одан бөлек, жыл басында саяси тұлға Алтынбек Нухұлы Қаныш Имантайұлының 125 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге шақырып, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдаған болатын. «Ғалымның туған елі – Павлодар қаласының аэропортына «Академик Қаныш Сәтбаев» есімін беруді және алғашқы академиктің 10 томдық толық жинағы мен 5 томдық академиялық шығармалар жинағын дайындау және энциклопедиясын толықтырып, жаңадан екі тілде шығаруды ұсынамыз. Қазақстандағы Сәтпаев музейлерін заманауи талаптарға сәйкес қалыпқа келтіру, Қаныш Сәтпаевтың туған жерінде мемориалдық кешен салу және бұған дейінгі депутаттық сауалда көтерілген 30 километрлік туристік жолды салуды бастау маңызды», - деген сенатор руханият жанашыры болған ғалым туралы толықметражды көркем-деректі фильм түсіруді де ұсынған еді.

Өз кезегінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов бұл бағыттағы сауалдарға жауап беріп, 2024 жылы Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы кең көлемде атап өтілетінін жеткізе келе, Ғылым және жоғары білім министрлігін мерейтойды ұйымдастыруға және өткізуге жауапты етіп бекіткен. Қазақ елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғасы таудай азаматқа осылай құрмет көрсетсек, еш артықтығы жоқ деп ойлаймыз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ