Қапшағайда 19 жастағы сарбаздың өліміне қатысты сот шешімі дау туғызды

0
183

Айыпталушы сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.


Қапшағайда 19 жастағы сарбаздың өліміне қатысты сот шешімі дау туғызды

ERNUR.KZ. Алматы облысында суицидке барған 19 жастағы сарбаздың өліміне кінәлі деп танылған командир 6 жылға сотталып кетті. Алайда сотталушының анасы да, қайтыс болған сарбаздың әкесі де сот үкімімен келіспейді. Тараптар тергеу әділ жүргізілмеді, №65476 әскери бөлімнің басшылары істі жасырып отыр деп санайды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қайғылы оқиға 1 наурызда болған. Әскери бөлімде бөшкедегі жуынатын суды қатардағы сарбаз Дмитрий Ганчилевский күндіз «байқамай» төгіп тастаған. Сол түні әскери бөлімге жауапты командир Әлібек Ағыбаев ұйқыдағы Дмитрийді оятып, түсініктеме алған көрінеді. Ақмола облысынан Қапшағай қаласына әскерге шақырылған сарбаз сол түні суицид жасайды.

«2020 жылдың 1 наурызында Дмитрий Ганчилевский мұнарадан секіріп қайтыс болды. Бұған тек менің баламды кінәлі деп отыр, дәлелсіз. Қасындағы екі сарбаз куәгер ретінде әу баста «командир қайтыс болған баланы ұрмады» деген. Алайда, ол екі сарбаз 5 ай бойы тергеліп, алғашқы сөздерінен айнып, Ағыбаев қатардағы сарбаз Ганчилевскийді бетінен ұрды деді. Тек осының негізінде менің баламды кінәлап соттады. Ұлым №65476 әскери бөлімінде болған былықтың құрбаны болып отыр. Себебі, қайтыс болған баланың төс қалтасынан табылған блокнотта өзіне қысым көрсеткен жігіттердің аты-жөні жазылған. Марқұм еркіндікке шыққанда осыларды ұстап кек алсам деп балағат сөздер жазған. Арыстанбек, Мұсайбек, Өнербаев сынды барлығы үш жігіттің өзіне қысым жасайтындарын жазып отырған. Ол дәптерде менің ұлымның аты жоқ», - деді сотталған командирдің анасы Айгүл Бекежанова.



Жалғызбасты ананың сөзінше, тергеу басынан қате жүргізілген. Өйткені сарбаздың әлде мұнарадан секіргені, әлде соққыдан қайтыс болғаны белгісіз. Миы шашылып, иығы шығып кеткен Дмитрий Ганчилевскийдің денесін таңға жуық мұнара мен дуалдың ортасынан тапқан. Марқұм анасына жолдаған хаттарында әскерден шаршағанын, қиналып жүргенін бірнеше рет жазған көрінеді. Алайда сарбаздың суицидке баруын тергеушілер әріден іздемей, тек қайғылы оқиға болған түні кезекшілік жасаған командирді кіналаумен шектелген деп отыр.

«Анасына арналған тағы бір қолжазбасында, «Мама, я устал служить. Пора твоему сыну отдыхать. Как меня этот наряд достал! Я не хочу заступать в наряд и вообще не хочу служить в армии. Как мне все это надоело! Лучше я уйду с миром» деп жазылған. Әскери гарнизондағы сарбаздардың арасында болып жатқан проблемамен ешкім айналыспаған. Бұл баланың (Д.Ганчилевский - авт.) қандай қысымға ұшырағанына бастықтар мән бермеген. Енді міне, менің ұлымды кінәлі етіп шығарды, екі немерем әкесіз қалды. Істің ақ-қарасын анықтап, нақты кінәлілердің табылуын талап етемін. Тергеу әу баста дұрыс болмады. Алғашында тергеушілер менің ұлымды қорлап, балағаттап, «Кінәлі болсаң да, болмасаң да, мойындамасаң да, мойындасаң да, бәрібір сен сотталасың» деп айтқан. Куәгер болған екі сарбазға да қысым көрсетіп, Ағыбаевқа қарсы шығыңдар деген. Олар 5 ай тергелген соң, амалсыз көнген. Ұлым жазықсыз сотталды, бар үмітім Президентте», - дейді жалғызбасты ана А. Бекежанова.

5 айға созылған тергеуден соң, Алматы қаласындағы әскери сот Ағыбаевты ҚР ҚК 451 бабының 2 бөлімі (Билікті асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп тауып, сот залынан қамауға алды. Жәбірленушілер де бұл үкіммен келіспейді. Марқұм болған сарбаздың әкесі әскери бөлім басшыларының «ауызбастырық» бергенін де мойындады.

«Құрметті Президент мырза! Мен Дмитирий Анатолиұлы, ұлымды әскерге сау жіберіп, өлі денесін алдым. Ұлымның мүрдесін алуға барғанда әскери бөлімнің өкілдері қолыма 300 мың теңге беріп, шу шығармауымды өтініп, кейінірек өтамақы төлеуге уәде берді. Бірақ ол сөз жүзінде қалды. Әскери бөлімнен 2 наурыз күні хабарласып, ұлымның суицид жасағанын, Дмитрийдің өліміне тек бір адамның ғана кінәлі екенін айтты. Мен бұған №65476 әскери бөлім басшыларының бәрі кінәлі деп санаймын. Маған уәде берген, енді құжаттарды қабылдамайды, мән бермейді, бір-біріне сілтейді. Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, мәселені анықтап, басшыларды жауапкершілікке тартуларыңызды сұраймын. Мен ұлым өзін-өзі өлтірді дегенге сенбеймін. Ол әскерге дейін пәтер аламын деп ақша жинап жүрген. Қарапайым, сабырлы жігіт болып өсті. Енді міне, ұлым жоқ. Бұған басшылар кінәлі, олар жауап беруі керек», - деді Дмитрий Тархов.


Алданып қалдық деген жәбірленуші тараптың өкілдері енді Қапшағай қаласында орналасқан әскери гарнизонды сотқа бермек.

«Қайтыс болған сарбаздың әкесі Ағыбаевтың кінәлі екеніне сенбейді. Тарховтың арқасынан қағып, уәдені үйіп-төгіп, 300 мың теңгені қолына ұстатып, шығарып салған. Ол ақшаны әскери бөлімнің басшылары қайдан алған? Келген адамға ұстата салатын не қылған дайын тұрған ақша? Біз 65476 әскери бөлімді сотқа беруге құжат дайындап жатырмыз. Ата-аналар балаларды сеніп тапсырды. Ал олар баланың тағдырына жауап бере алмады.
Егер сол жердегі әскери командир кінәлі болса, демек, онда әскери гарнизон да таза емес деген сөз. Әскери гарнизонны басшылары өздерінің қылмыстарын жасыру үшін, осындай құйтырқы әрекетттерге жол берді. Олардың жауапкершіліктен жалтару мақсатында істеген әрекеттері бәрібір ашылды. Жігіттің 26 метр мұнараға шыққаны туралы аяқтың іздері жоқ. Оның сатыға көтерілген іздері неге анықталмаған, видеодәлел бар дейді. Бар болса, оны неге көрсетпейді? Құлап қайтыс болды ма, әлде біреулер өлтіріп кетті ме деген сынды тергеу сұрақтарына әлі жауап жоқ.

Істі кері қайтару арқылы мәселенің ақ-қарасын анықтағымыз келеді. Апелляциялық шағымда әскери сот бізді тыңдаған жоқ. Мен сөйлеп жатқанда, судья маған мынау жынды деген сөз айтыпты. Судьяның маған «жынды» деп айтқан сөзін айыпталушы тараптың ата-аналары бізге видеожазба түрінде көрсетті», - деді жәбірленуші тараптың адвокаты Камиша Есмұхамедқызы.


Ал сот әділ өтпеді, судья сөйлетпеді деген қос тараптың айыптауына ҚР Әскери соты тек ресми сауалхат негізінде ғана жауап беретінін хабарлады.
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет