"Қара тізімге" енгендер мәселесі: мемлекет қандай жағдайда кредитті төлеп береді?

0
3 536

Қаржы министрі түсіндіргендей, мемлекет қарызды өтеуге көмектесуі үшін кредит банктің балансында болуы шарт.


ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов коллекторлық бюроға өткен кредиттерді мемлекет қандай жағдайда төлейтінін түсіндірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, кейбір кредиттер коллекторларға берілсе де, банктің балансында қала береді. Бұл жағдайда қарыздың айыппұлы мен өсімпұлы, сондай-ақ тұрмысы төмен азаматтардың берешегі 300 мың теңгеге дейін өтеледі. Ал егер кредит толығымен коллекторлық бюроға сатылса, ешқандай көмек болмайды. Бұл азаматтар қарызды да, айыппұлды да өздері төлейді.

"Банктер мен микроқаржыландыру ұйымдары коллекторлармен жұмыс істеген кезде дебиторлық берешекті сатуы да, сатпауы да мүмкін. Бірінші жағдайда банктер сотқа жүгінбей тұрып, коллекторларға берешекті қайтаруға тапсырма береді. Ондайда дебиторлық берешек банкте қала береді. Сондай берешекті біз өтейміз. Ал дебиторлық берешек коллекторлық агенттікке сатылған кезде, ол банкте қалмайды. Жарлыққа сәйкес банктер мен микроқаржыландыру ұйымдарының балансында тұрған кредит ғана өтеледі", - деді Смайылов үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің сөзіне сүйенсек, бүгінде айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы көлемі 58 миллиард теңгеден асады. Оның 70 процентін банктер өздері жапса, 30 проценті мемлекеттің есебінен өтеледі.

Айта кетсек, Қазақстанда президенттің жарлығы бойынша кепілсіз кредит алған 5 миллионға жуық адамның айыппұлдары мен өсімақылары өтеледі. Ал тұрмысы төмен азаматтар үшін осындай жеңілдікпен бірге 300 мың теңгеге дейінгі қарызы кешіріледі, бірақ кредиттің сомасы 3 миллион теңгеден аспауы қажет. Тұрмысы төмен азаматтардың қатарына көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, жетім балалар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар жатады.