Қарағанды ​​әлеуметтік орталығында бала уланып өлді: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

0
331

Қарағандыда әлеуметтік көмек көрсету орталығында бір бала қайтыс болып, 6 бала жансақтау бөлімінде жатқанын жазған болатынбыз.


Қарағанды ​​әлеуметтік орталығында бала уланып өлді: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Бас прокуратура Қарағандыдағы әлеуметтік көмек көрсету орталығында балалардың улану жағдайы бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"31.07.2023 жылы балалардың тамақтан улану фактісі бойынша "Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" КММ ҚР ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", делінген хабарламада.

Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының бақылауына қабылданды.

Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.

Елімізде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар (37 балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 47 балалар үйі, сондай-ақ 2959 баланы қамтитын отбасын қолдау орталықтары).

Сонымен қатар, Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға аталған мекемелерді кешенді тексеруді ұйымдастыруды тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда әлеуметтік көмек көрсету орталығында бір бала қайтыс болып, 6 бала жансақтау бөлімінде жатқанын жазған болатынбыз.