Қарағанды облысы қарқынды дамып келеді

0
803

Қарағанды облысының білім, денсаулық, цифрландыру және жұмыспен қамту салаларында оң өсім байқалады.


Қарағанды облысы қарқынды дамып келеді

Елімізде өңірлерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарына сәйкес, барлық облыста тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Аталған жоба аясында халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі негізге алынған. Яғни тұрғындардың күнделікті өмір сүру салтына тікелей әсер ететін дүниелердің сапасын арттыру. Олардың қатарында, инфрақұрылым, электр энергиясы, жол, құрылыс, баспана, білім, медицина, өнеркәсіп салалары бар. Бекітілген жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін өңірлердегі өзекті мәселелердің барлығы өз шешімін табуы тиіс.

Ендігі кезекте, аталған жоба аясында Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ.

Қарағанды облысы – Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан облысы. 1932 жылы 10 наурызда құрылған. Жер аумағы 239,0 мың км². Солтүстігінде Ақмола, Павлодар, шығысында Абай облысы, батысында Ұлытау, оңтүстігінде Жамбыл, оңтүстік-шығысында Алматы, Жетісу, солтүстік-батысында Қостанай облыстарымен шектеседі. Облыс 7 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік аудандарға бөлінеді. 8 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар.
Ең алдымен, облыстың денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерге көз жүгіртейік. Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, облыста 54 мемлекеттік медициналық ұйым бар. Сонымен қатар, 100-ден астам ұйым тегін медициналық көмек көрсетеді.

(иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден)

Нәтижесінде, облыс тұрғындарының денсаулық жағдайлары едәуір жақсарған. Атап айтар болсақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезбен ауыру көрсеткіші 5,5 пайызға, туберкулезден болатын өлім-жітім 9,1%-ға төмендеген.
Биыл облыс орталығында ауданы мың шаршы метрден асатын жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы іске қосылды. Жаңадан ашылған орталықта 40 адам, екі бригада жұмыс істейді. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының дерегінше, орталық жылына 25-тен 50 мыңға дейін қоңырау қабылдай алады.
Сонымен қоса, Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында 30 төсектік кардиология бөлімшесі ашылды. Аталған орталықта айына 60-тан астам науқас емделе алады. Сондай-ақ, облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, желдету, жылыту жүйесі, су құбыры және кәріз желілері жаңартылды.
Биылғы жылы облыстық клиникалық аурухананың реанимация бөлімі де қайта жөндеуден өткізіліп, жаңа жабдықтар сатып алынды.
«Биыл Қарағанды облысының медициналық ұйымдарында медициналық сақтандыру қорынан жоспарлы стационарды алмастыратын көмекке 8,5 миллиард теңге бағытталады. Жоспарлы стационарды алмастыратын көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде де, МӘМС шеңберінде де көрсетілуі мүмкін. Сақтандырылған науқастар үшін бұл қызмет түрі тегін”, - делінген әкімдік ақпаратында.
Қарағанды облысында жалпы саны 70 күндізгі стационар бар. Аталған орталықта тәулік бойы бақылауды қажет етпейтін науқастар, стационардан шығарылғандар және қалпына келтіру емін жалғастыратындар емделе алады.
Барлық облыстар секілді Қарағандыда да коронавирус инфекциясымен күрес жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыста 3 мыңнан астам инфекциялық төсек жұмыс істейді. Оның ішінде 272 реанимация төсегі бар. Қосымша 2 384 орын бар. Облыс аумағында коронавирусқа қарсы екпе салу жұмыстары да жалғасуда. Бүгінге дейін облыста 115 егу кабинеті ашылды. Айта кетейік, Қарағанды облысында 673 926 адамға вакциананың бірінші компоненті, 627 480 тұрғынға екінші компоненті салынды. Облыстағы 26 компьютерлік томографияның 22-сі коронавирусқа шалдыққан науқастардың өкпе жүйесінің зақымдануын диагностикалауға жұмылдырылған. Сонымен қоса, қырық цифрлық рентген-аппарат сатып алынды.

Келесі кезекте Қарағанды облысының білім сапасына зер салайық. Облыстық білім басқармасының ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, Қарағанды облысында 506 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 496-сы мемлекеттік, қалған 10-ы жекеменшік мектептер.


Дегенмен, облыс аумағында әлі де апатты мектептер пен үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілмеген. Қазіргі таңда аталған кемшіліктерді жою мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, үш ауысымды мектеп мәселесін жою мақсатында Қарағанды қаласында 600 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Ал, білім ордаларындағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде 464 орынға арналған мектеп салынып жатыр. Сонымен қоса, қазіргі таңда облыс аумағында 3 мектептің құрылысы жалғасуда.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, 2020 жылы қажетті мектеп оқулықтарын сатып алуға 2,3 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде, 1-11 сынып оқушылары 100 пайыз мектеп кітапханалары қоры есебінен оқулықтармен қамтылған. Облыстың компьютерлік паркі 65,1 мың, робототехника зертханалары бар мектептер саны 241 бірлікті құрайды. Нақтырақ айтатын болсақ, 2020 жылмен салыстырғанда бір компьютерге шаққандағы көрсеткіш 3,6-дан 3,1 оқушыға дейін төмендеген. Ал, ескірген компьютерлік техниканың үлесі 15,6 пайыздан 15 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қоса, жаңа модификациялы кабинеттермен қамту көрсеткіші 70%-дан 73 пайызға дейін артты.
Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында тегін негізде 6 мыңнан астам қызығушылық үйірмелері және 2 840 спорт секциясы жұмыс істейді. Сондай-ақ, биыл жыл басынан бері №2 Оқушылар сарайында 15-тен астам жаңа үйірме ашылды. Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдерді мектептен тыс ұйымдардың барлық түрлерімен қамту көрсеткіші 69,5 пайызды құрайды.
Өзге өңірлер секілді Қарағанды облысында да оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда. Осы мақсатта облыстағы барлық білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары мен турникеттер орнатылған.
Қарағанды облысында 519 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, Облыс аумағында мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткішуі 84,4 пайызды құрайды. Сонымен қоса, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы «Бөбек» балабақшасы жұмыс істейді.
Қазіргі таңда облыс аумағында мектепке дейінгі білім беру және мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу сапасын арттыру бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, 2021 жылы 2 390 орынға лайықталған 10 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Ал, өткен жылы 80-нен астам балабақша жөнделді. Сонымен қоса, 30 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы 432 миллион теңгеге тағы 8 нысанды жөндеу жоспарлануда. 2021-2022 жылдар аралығында мектепке дейінгі ұйымдардың 40 пайызы жаңартылса, 2023 жылы қалған 20%-ы жаңартылатын болады.
Облыстағы барлық мектепке дейінгі ұйымдар 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылған. Осы мақсатта 2020 жылы 336 миллион теңге бөлініп, 6008 камера сатып алынған.

Өңірлердегі сапалы интернет мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Оның ішінде шалғай елдімекендердің интернетке қолжетімділігін арттыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Аталған мәселелер бойынша Қарағанды облысында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Оның дәлелі ретінде облыстың цифрлық бастамаларды енгізу бойынша көшбасшылар үштігінің қатарында екенін айтуға болады.

Өткен жылы облыстың 39 ауылдық елді мекенінде желілер жаңартылды. Бұған дейін Ақтоғай ауданының Нарманбет, Қошқар, Ақжарық, Қарқаралы ауданының Көктас ауылдарында ұялы байланыс сапасы төмен болатын. Осы мәселелерді шешу мақсатында тиісті жұмыстар жасалып, аталған ауылдар төртінші буын кең жолақты интернет желісіне қосылды.
Бірақ, аталған сала бойынша облыста әлі де шешілмеген мәселелер баршылық. Нақтырақ айтатын болсақ, 14 мыңға жуық адам тұратын 100-ден астам елді мекен әлі де байланыссыз отыр. Алдағы екі жылда осындай олқылықтарды жою мақсатында тағы 30-ға жуық ауылды интернетпен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде 3,6 мыңнан астам тұрғын сапалы интернетке қол жеткізеді.
Бұдан бөлек, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса, өткен жылы Terricon school Заманауи бағдарламалау мектебі ашылды. Қазіргі таңда аталған орталықта төрт бағыт бойынша 60-қа жуық адам оқиды. Оның 18-і тегін негізде білім алады. Білім алушылардың жасы 14-тен 50 жасқа дейін.
Өңірде цифрландыру жұмыстары қолға алынғалы қағазбастылық деңгейі біршама төмендеген. Атап айтар болсақ, облыста коммуналдық қызметтерді онлайн алу мүмкіндігі іске қосылған. Тіпті “Қарағанды Жарық" ЖШС, "Теплотранзит-Қарағанды" ЖШС және "Қарағандыэнерго Саласы" сияқты 3 ірі монополистің 26 қалалық қызметі цифрландырылған.
Биылдан бастап тағы бір цифрландыру бағдарламасы іске қосылды. Яғни геоақпараттық порталдың арқасында жер учаскелерін беру процесі ашық бола түсті. Енді заңды және жеке тұлғалар ЭЦҚ арқылы порталға кіріп, бос жерлерді көре алады. Аталмыш портал ақпараттық қауіпсіздікке аттестаттаудан өткізілді. Қазіргі таңда жер учаскесінің нысаналы мақсатын белгілеу және өзгерту сынды 7 қызмет цифрландырылды. Сонымен қоса, порталды егжей-тегжейлі жоспарлау және инженерлік желілер картасы бар. Алдағы уақытта жер қатынастары, құрылыс, сәулет және коммуналдық қызметтер саласындағы деректер де қосылады.
Цифрландыру саласының тағы бір жетістігі осыдан 2 жыл бұрын Қарағанды облысында "Қауіпсіз қала" жобасы іске қосылды. Жоба іске қосылғалы жол-көлік оқиғаларының саны 12,7 пайызға азайған. Жоба аясында Қарағанды, Теміртау, Саран, Осакаровка кенттерінде 3 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар, Балқаш, Шахтинск, Абай және Теміртауда жеке бейнебақылау жүйелері іске қосылып, 700-ге жуық камера жалпы платформаға қайта қосылды.
Алдағы уақытта мыңнан астам көше бейнекамералары мен 100 жол қозғалысы қауіпсіздігі кешенін орнату жоспарлануда.

Өңірлерді дамыту жоспарына сәйкес, еліміздегі жұмыссыздық деңгейін азайту көзделген. Осы мақсатта Қарағанды облысында 2021 жылы 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 18 541 жұмыс орны тұрақты.

Өңірде осыдан екі жыл бұрын жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Ал, өткен жылы 3 274 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың ішінде экономикалық белсенді жұмыссыздардың үлесі 0,5 пайызды құрады.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2021 жылы 6,6 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бірінші бағыты бойынша 1,2 миллиард теңге қарастырылды.
Қарағанды облысында жұмыссыздықтың деңгейін төмендету мақсатында сұранысқа ие мамандықтарды қысқа мерзімде оқыту жұмыстары қолға алынған. Яғни, азаматтар еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберіледі. Осы бағытта 2021 жылы мыңға жуық адам кәсіптік білім алған. Ал, 2 мыңға жуық адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жіберілді.
Өңірде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту негізінде 28 432 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды. 800-ге жуық әлеуметтік жұмыс орны құрылды.
Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Атап айтар болсақ, облыста мемлекеттік бағдарламалар арқылы оқуын жаңадан тәмамдаған жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Солардың ішіндегі жастар практикасы бағдарламасымен мыңнан астам студент жұмысқа орналасты.

Қорытындылай келе, Қарағанды облысында білім, денсаулық, цифрландыру, жұмыспен қамту салаларында оң өсім бар екенін аңғаруға болады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, 2025 жылға дейін Қарағанды облысы қуатты өңірлердің қатарын толықтырады деген сенім бар.

ERNUR.KZ.