Қарағанды облысында боранда жоғалып кеткен 3 адамның біреуі өлі табылды

0
2 447

Оның денесі қыстаудан 2 км қашықтықта табылды.


Қарағанды облысында боранда жоғалып кеткен 3 адамның біреуі өлі табылды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында боранда адасып кеткен үш адамның бірі көз жұмды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қарағанды және Қостанай облыстарының шекара аумағында бірнеше күн бойы ер адамды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Ол 20 ақпанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Берәлі қыстағынан мал іздеуге шығып, қайтып оралмаған.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қарағанды және Қостанай облысының ТЖД, полиция бөлімшелері, шопанның туыстары жұмылдырылды. ҚР ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы да іздеу жұмыстарына қосылды.

Іздеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты қиынға соқты. 27 ақпан Ұлытау ауданы аумағында аэровизуалды тексеру кезінде Қазавиақұтқару экипажы жоғалып кеткен адамды аман-есен тауып, дәрігерге жеткізді.

Тағы бір жоғалған адам Шет ауданынан табылды. 24 ақпанда Қызылтау ауылының қыстағынан малшы мал жаюға шығып, қайтып оралмаған. Бүгін, 27 ақпанда ТЖД бөлімшелері мен жергілікті тұрғындар құрамындағы іздестіру тобы ер адамды малмен бірге қыстақтан 20 шақырым жерден тапты.

«24 ақпан күні Кеңгір ауылдық округінің Аралтөбе қыстағынан шыққан ер адам жоғалып кеткен. 27 ақпанда іздеу тобы жоғалған адамның денесін қыстаудан 2 км қашықтықта тапты», - деді Қарағанды облыстық ТДЖ баспасөз қызметінде.