Қарағанды облысында сегіз санитарлық бекет қойылды

0
557

Карантин режимі күшейді.


Қарағанды облысында сегіз санитарлық бекет қойылды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында карантин режимінің күшейуіне байланысты бүгіннен бастап 8 санитарлық бекет қойылды, деп жазады Хабар24.

Енді Жезқазған мен Приозерск және Осакаров, Нұра, Қарқаралы, Бұқар Жырау, Ұлытау аудандарының кіре берісінде дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызуын, денсаулығын тексеретін болады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгіннен бастап өңірде санитарлық талаптар күшейді. Яғни барлық сауда үйлеріне, ойын-сауық орталықтарына, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына бейнекамера орнату міндеттеледі. Осылайша санитар дәрігерлер ондағы жағдайды онлайн жүйесінде бақылап отырмақ. Егер заңбұзушылық анықталса, бірден жазаланады. Сондай-ақ подъезд, жеделсаты, паркингтерді тәулігіне екі мәрте, ал балалардың ойын алаңдарын күніне бір рет залалсыздандырып отыру қажет. Егер мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері 30 адамнан асқан жағдайда 50 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшуі керек.

«Өнеркәсіптік кәсіпорындарда, автовокзалдарда және автостанцияларда стационарлық тепловизорларды және ақылды бейнебақылау орнату туралы мәселе шешілу үстінде. Автобустар мен маршруттық көліктерді қарбалас сәттерде біркелкі толтыру мақсатында ұйымдар мен органдардың сараланған жұмыс кестелерін анықтау қажет. Өнеркәсіптік кәсіпорын басшыларына міндетті түрде кәсіпорын қызметкерлерін тасымалдауды ұйымдастыру ұсынылып отыр», - деді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шатекова.